Келісілген кездесулер

2829

Қазақстан чемпионатында кейінге шегерілген үш кездесу қалып еді. 

Келісілген кездесулер

Сол ойындар бүгін өтті. Арасында келісілген матчқа ұқсайтындары да жоқ емес. 

Алдымен елордалық "Астана" Көкшетауда "Оқжетпеске" қарсы ойын өткізді. Матч сағат 15-00-де басталды. Бұл матчта Роман Григорчук шәкірттеріне тек қана жеңіс қажет еді. Қорғаушы Юрий Логвиненко шалқалай теуіп, әдемі голмен есеп ашты. Екінші таймда қос команданың да гол салатын мүмкіндіктері болған. Алайда қақпадан саңлау таба алмады. 1 голдың арқасында "Астана" жеңіске жетіп, енді 3 қараша күні Қостанайда өтетін ойынға тыңғылықты дайындалады. 

Екінші ойын "Қайсар" мен "Тобыл" арасында өтті. Қызылордалық команда өз алаңында ойнаған соң, намысқа тырысып, шабуылды көбірек жасады. Команда капитаны Асхат Тағыберген алыстан жойқын соққы бағыттап керемет голдың авторы атанды. Қостанайдың командасы екі ойында қатарынан жеңіліп, үшінші матчта да осындай қысылтаяңға тап болды. Чемпиондықтан үміті болған бұл команданың ойыны жүрер емес. Дегенмен де Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері матчтың соңғы минуттарында пенальти тебуге мүмкіндік алды. Оны Азат Нұрғалиев мүлтіксіз орындады. Есеп 1-1. "Тобылдың" қола жүлдеге таласатын мүмкіндігі бар. 

"Шахтер" - "Атырау" арасындағы ойында "Атырау" жеңіске жетеді деген желеу ойынға дейін де тарап тұрды. Иә, расымен де солай болып шықты. "Шахтер" қорғаушылары өте қызықты әрекеттер жасап, допты шабуылшы Петр Гжелчакқа өздері әкеліп берді. Польшалық шабуылшы гол салды да, "Атырауға" 3 ұпай сыйлады. Енді "Атыраудың" премьер-лигада қалуға деген мүмкіндігі артты. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу