Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Иордания астанасы Аммандағы Азия чемпионатына арнайы келіп, дәстүр бойынша финал кезінде жерлестерімізге қолдау көрсетті. Сондай-ақ ол осы сәтті пайдалана отырып, жалпы Азияда боксты дамытуға бағытталған бірқатар халықаралық деңгейде кездесу өткізді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Азия бокс конфедерациясының басшысы Пичаи Чунхаваджира мырзамен жүздесуден кейін Астана 2022 жылы сары құрлықтың тағы бір былғары қолғап бәсекесін қабылдайтыны белгілі болды. Алдағы уақытта елордада жастар арасындағы Азияның таңдаулы боксшылары анықталмақ. Сонымен қатар осы жиында тараптар бапкерлер, төрешілер мен бокс маңында жүрген өзге де мамандарға арналған семинар өткізу жайлы келісті.
Айта кетейік бүгін Иордания астанасы Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатын аяқталды. Биыл 27 елдің (181 еркек пен 86 әйел) шаршы алаң шеберлері сынға түскен додада Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде, жалпы есепте 1-орын алды. Қоржынымызда 6 алтын, 7 күміс пен 8 қола бар. Барлығы 21 жүлде.
Осы тұста Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновті марапаттау рәсімін Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жүргізгенін айта кетейік. Ең жеңіл салмақтағы чемпион Санжар Ташкенбайдың мойнына алтын медальді Азия бокс конфедерациясының басшысы Пичаи Чунхаваджира мырза тақты. Сондай-ақ тағы бір жеңімпаз Айбек Оралбайға бас жүлдені ҚБФ Атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков табыстады.
"Біріншіден, барлық жанкүйерлерді Ұлттық құраманың жалпы есепте 1-орын алуымен құттықтаймын. Жақында ғана Қазақстан құрамасының әуесқой бокстан әлем рейтингінде көш бастады. Меніңше, біздің команда өз жұмысын жақсы орындады. Десе де біз келесі жылы өтетін Азия ойындары және Әлем чемпионаты сынды маңызды бәсекелерде бұл нәтижені жақсартсақ дейміз. Осы жарыс қарсаңында біз боксшылардың денсаулығына бас мән бердік. Арнайы диетолог, фармаколог мамандармен бірге жұмыс істедік. Біздің жарқын жеңістеріміз әлі алда деп ойлаймын", - деді Кеңес Хамитұлы.
Жалпы есепте екінші орынды – Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола) алса, үштікті – Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола) түйіндеді. Барлығы Иордания төрінде 12 елдің өкілі тұғыр сатысына көтерілді.