Кеңес Рақышев Азия чемпиондарына 5 млн теңгеден сыйақы берді

1524

Санаулы күндерден соң Ұлттық құрама боксшылары Павлодар қаласында өтетін ерлер арасындағы ел чемпионатына дайындықты бастайды.

 Кеңес Рақышев Азия чемпиондарына 5 млн теңгеден сыйақы берді Фото: kfb.kz

29 қарашада Алматы қаласында дәстүр бойынша бокстан Иордания астанасы Аммандағы Азия чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі мен баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев өз атынан барлық жүлдегерге қаржылай сыйақының сертификаты мен iPhone PRO телефонын табыстады. Бұл туралы ҚФБ баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ ортақ нәтижеге зор үлес қосқан команданың өзге мүшелері – бапкерлер қосыны, жеке бапкерлер мен ғылыми кешеннің қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олардың жалпы саны 50 адам. Жалпы іс-шараға ҚБФ президенті Кеңес Рақышев пен федерация жетекшілері қатысты.

Сары құрлық бəсекесінің жеңімпаздары ҚБФ президентінен 5 миллион теңгеден алды: Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Санжар Ташкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (-92 кг).

Күміс жүлдегерлерге 2 миллион теңгеден берілді: Гүлсая Ержан (81 кг),Сəкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92кг).

Ал қола медаль иегерлеріне 1 миллион теңгеден табысталды: Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мадина Нұршаева (66 кг), Дариға Шəкімова (70 кг), Лəззат Күнгейбаева (+81кг),Саматəлі Төлтаев (60 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындык Тоғамбай (86 кг).

Сондай-ақ Қайрат Сəтжанов пен Шəміл Сафиуллин бастаған бапкерлер қосыны 1,5 миллион теңгеден алса, боксшылардың жеке бапкерлері мен өзге қызметкерлерге 1 миллион теңгеден берілді.

Бүгін біз дәстүрге айналған марапаттау рəсімін тағы қайталамауға тырыстық. Мен Аммандағы финалдарды аренадан көрдім. Жекпе-жектерді тамашалап отырып "шешуші сəтте біздің боксшыларға не жетпей жатады?", деп ойландым. Шыны керек, алтын медаль үшін таласта жерлестеріміздің сүрініп жататыны жасырын емес. Боксшылардың психологиясын шыңдап, өзіне деген сенімін арттыру мақсатында Мəскеуден арнайы танымал коуч, мотиватор Радислав Гандапасты шақырдым. Біз спортшылармен бірлесіп жұмыс істей береміз. Келер жылы бізді Өзбекстандағы Əлем чемпионаты мен Қытай қабылдайтын Азия ойындары күтіп тұр, - деді Кеңес Хамитұлы.

Марапаттау рəсімінен соң боксшыларды Павлодар қаласында өтетін ерлер арасындағы ел чемпионаты күтіп тұр. Аммандағы құрлық бəсекесі кеш ұйымдастырылғандықтан Қазақстан біріншілігіне Азия чемпионатының жүлдегерлері қатыспайды. Павлодарда тек негізгі құрам сапындағы Санатəлі Төлтаев олимпиада бағдарламасына кіретін 63,5 келіде жұдырықтасады.

Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) 2023 жылғы Ташкенттегі әлем чемпионатында жеңімпаздар 200 мың АҚШ долларын алатынын хабарлап үлгерді. Марапаттау рəсімі кезінде Кеңес Рақышев IBA сыйақысынан бөлек, топ жарған Ұлттық құрама боксшыларына өз есебінен 100 мың АҚШ долларынан беретінін мəлімдеді.

Биыл 27 елдің (181 еркек пен 86 әйел) шаршы алаң шеберлері сынға түскен додада Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде, жалпы есепте 1-орын алды. Қоржынымызда 6 алтын, 7 күміс пен 8 қола бар. Барлығы 21 жүлде. Жалпы есепте екінші орынды – Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола) алса, үштікті – Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола) түйіндеді. Барлығы Иордания төрінде 12 елдің өкілі тұғыр сатысына көтерілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу