Кеңес Рақышев Petropavlovsk-тың болашағы туралы айтты

4503

Petropavlovsk-тың жаңа акционері алтын өндіретін компанияға Ресей мен Орталық Азияда сатып алулар жүргізуді ұсынғысы келеді.  

Кеңес Рақышев Petropavlovsk-тың болашағы туралы айтты

Кеңес Рақышев өз ұсыныстарын талқылау үшін компанияның акционерлерімен және директорлар кеңесінің мүшелерімен кездесуге ниетті. Ол бұл туралы халықаралық Reuters ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

"Қазақстандық кәсіпкер Petropavlovsk Ресей мен Орталық Азияда сатып алулар жүргізу мүмкіндігін қарастырса дейді. Ол көздеп отырған әлеуетті бағыттары туралы ашып айтпады. Бірақ, Petropavlovsk-тың үлесін сатып алу туралы қыркүйек айында басталған келіссөздер кезінде Вексельбергтің басқа бір алтын кенін – "Золото Камчатки"-ды сатып алу мүмкіндігін талқылаған еді. Желтоқсан айында РБК GV Gold ("Высочайший") 500 млн АҚШ долларынан астам сомаға "Золота Камчатки"-ды қарызымен қоса сатып алуға келіскенін хабарлаған болатын", – деп жазды "Ведомости" газеті.

Сондай-ақ, Кеңес Рақышев директорлар кеңесінің құрамына енуді немесе өз өкілін тағайындауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кәсіпкер Petropavlovsk алтын өндіру компаниясының бұрынғы бас директоры Павел Масловскийді өз орнына қайтаруды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, Павел Масловский 2017 жылдың шілде айында Petorpavlovsk-тен кеткен болатын. Бұған Виктор Вексельбергке тиесілі "Ренова" компанияның негізгі акционерлері, сондай-ақ компанияның негізін қалаушылар мен менеджерлері арасында туындаған келіспеушілік түрткі болған еді. "Ренова" Petropavlovsk-тың негізін қалаушылардың бірі Питер Хамбро мен үш тәуелсіз кандидаттың директорлар кеңесіне қайта сайлануына қарсы шығып, өз үміткерлерін ұсынды. Осыдан соң Питер Хамбро компаниядан кетті. Кейін Павел Масловский де өз орнын босатты.  

"Меніңше, бұдан ұтқан ешкім жоқ", – деді Кеңес Рақышев Reuters-ке.

Оның айтуынша, Павел Масловский автоклав (сұйық затты қысымның күшімен жылытуға арналған жабық) жобасын аяқтауға тиіс. Бұл жобаға 216 млн доллар салынып қойылған. Ендігі қалған шығын 63 млн долларға бағаланып отыр. Автоклавты іске қосу 2018 жылдың соңына жоспарланған.

Сұхбатта айтылғандай, қазақстандық кәсіпкер Питер Хамброны компанияға қайтарып алу мүмкіндігін қарастырып отырған жоқ.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Кеңес Рақышев Виктор Вексельбергтің құрылымынан Petropavlovsk-тың 22,42%-ын сатып алды. Осылайша, ол компанияның ірі акционері атанып шыға келді. Мәміленің сомасы жарияланған жоқ. Десе де, дәл сол уақытта мұндай пакеттің биржадағы құны 74,5 млн долларды құраған болатын.   

Petropavlovsk Амур облысының алтын кен орындарында алтын өндіреді. Компания Ресейдегі алтын өндірушілердің үздік ондығына енеді. Қазан айында Petropavlovsk инвесторларға қаржылық міндеттемелерді орындауға кепілдік бермейтінін ескерткен болатын. Себебі, компания қаржылық қиындықтарды бастан өткеруде. ІІ тоқсанның соңында Petropavlovsk-тың жалпы қарызы 602,8 млн долларды құрады. Компанияның операциялық және қаржылық қызметін қамтамасыз ету үшін үнемі ақшаға деген қолжетімділік қажет.

Еркебұлан Қыздарбек, Марина Нечаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу