Кеңес Рақышев: "Жеңімпаздарға өз қаражатымнан 100 мың АҚШ долларын беремін"

1371

Өзбекстан астанасы Ташкентте 1-14 мамыр аралығында бокстан әлем чемпионаты өтеді. 

Кеңес Рақышев: "Жеңімпаздарға өз қаражатымнан 100 мың АҚШ долларын беремін"

Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ долларынан береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әлем чемпионатының жеңімпаздарына өз қаражатынан 100 мың АҚШ долларынан сыйақы береді. Бұл туралы ҚБФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан, Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федерациясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады. 

Соңғы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленіп, тамаша нәтиже көрсеткенін өздеріңіз білесіздер. Енді, Ташкентте біздің былғары қолғап шеберлеріміз бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенеміз.

Құрметті жанкүйерлер, спортшыларымызға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Демеу болса, ұлттық құраманың боксшылары аянып қалмасы анық. Бірлік бар жерде - тірлік бар. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік атану үшін қауқарымыз жетеді.    

Жігіттермізді ынталандыру мақсатында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатымның есебінен қосымша сыйақымен марапаттаймын. Чемпиондарға 100 мың АҚШ доллары қарастырылған. 

Боксшыларға айтар басты тілегім – есімдеріңізді тарихта қалдырыңыздар. Сіздерге бүкіл Қазақстан жанкүйер болатынын ұмытпаңыздар!", - деді Кеңес Рақышев.

Айта кетейік, Ташкентте өтетін әлем чемпионатында 13 қазақстандық боксшы ел намысын қорғайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу