"Путиннің кеңесшілері шындықты президенттен жасырып отыр"

3557

АҚШ пен Еуропа барлаушыларының сөзінше, Кремль басшысына айналасындағылар қорыққандықтан Украинадағы әскердің жағдайымен бірге, ел экономикасының санкциялардан қалай теңселіп жатқанын да дұрыс хабарламай отыр.

"Путиннің кеңесшілері шындықты президенттен жасырып отыр"

Ақ үй мен еуропалық барлаушылардың мәлімдеуінше, Ресей Президенті Владимир Путинге кеңесшілері Украинадағы соғыстың қаншалықты нашар жүріп жатқанын және Батыс санкцияларының ел экономикасына қандай зиян келтіргенін айтудан қорыққан.

Ресейдің көршісіне ақпанның 24-де бастаған шабуылдары көптеген майдандарда украиндық күштердің қайсарлықпен көрсеткен қарсылығы нәтижесінде тоқтатылды.

"Бізде Путинді ресейлік әскерилердің адастырғаны туралы ақпарат бар, Осының салдарынан Путин мен армия қолбасшылығы арасында үнемі шиеленіс болып тұрады. Путинге кеңесшілері Ресей қарулы күштерінің қаншалықты нашар жұмыс істеп жатқаны және Ресей экономикасының санкциялардан қалай күйзеліске ұшырағаны жайлы қате ақпарат беріп жатыр деп санаймыз. Өйткені оның аға кеңесшілері президентке шындықты айтудан қорқады. Ал АҚШ бұл ақпаратты басқыншылықтың Ресей үшін стратегиялық қателік екенін көрсету үшін жариялап отыр", – деді Ақ үйдің Коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд журналистерге берген брифингінде.

Кремль бұл мәлімдемеге қатысты әзірге түсініктеме бермеді .  

Вашингтонның барлау деректерімен ашық бөлісу шешімі оның Украинада қарулы жанжал басталғанға дейін ұстанған стратегиясымен сәйкес келеді. Құрама Штаттар Ресейдің Украинаға әскер кіргізетінін ақпанның 24-нен бірнеше апта бұрын қайта-қайта ескерткені белгілі.  

"Осы ақпараттың жария болуы Ресей билігінде келіспеушілік тудыруы мүмкін бе? Меніңше, бұл деректер Путинді кімге сенуге болатынын қайта қарап, Украинадағы таңдауын өзгертуге итермелейді деген үміт бар", – дейді атын атаудан бас тартқан тағы бір америкалық өкіл "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Екі еуропалық дипломаттың айтуынша, ресейлік әскерге шақырылғандарға жаттығуларға қатысып жатырсыңдар деген ақпарат беріліп, басқыншылық қарсаңында оларға әскери міндет мерзімінің ұзартылғаны туралы құжатқа қол қою ұсынылған.

"Бұл жауынгерлер алданған, нашар оқытытылған және де олар өз әжелеріне ұқсайтын украиналық қарт әйелдерді тауып алған. Ал ол әйелдер ресейлік жас сарбаздарға үйлеріңе қайтыңдар деп ұрысады", – дейді дипломаттардың бірі.

Мақсаттың өзгеруі

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, қазір Ресей өзінің Украинадағы мақсаттарын армиясы бүкіл әлемге масқара болып, сәтсіздікке ұшыраған Путиннің абыройын сақтап, жеңіс жариялайтындай етіп өзгертіп жатыр. Жаңа мақсат – Қырым тәрізді негізінен орыстілді Донбассты да алу.

"Операцияның бірінші кезеңіндегі негізгі мақсаттар жалпы орындалды. Украина Қарулы Күштерінің жауынгерлік әлеуеті айтарлықтай төмендеді, бұның бәрі ...біздің негізгі күш-жігерімізді басты мақсатқа, яғни Донбассты азат етуге жұмылдыруға мүмкіндік береді", – дейді Ресей Бас штабының Бас жедел басқармасының жетекшісі Сергей Рудской.

Өткен тәулікте Ресей күштері Киевтің шеті мен Украинаның солтүстігіндегі Чернигов қаласын атқылады. Айта кетсек, бұл шабуылдар РФ басшылығы осы екі қала маңындағы операцияларды айтарлықтай қысқартуға уәде бергеннен кейін жасалып отыр. Дегенмен Батыс Мәскеудің уәдесін орасан шығынға ұшырап жатқан әскерін қайта топтастырудың айласы деп атап, оған әу-бастан күмән келтірді.

Ресей көршісін қарусыздандыру және "нацистерден тазарту" мақсатында "арнайы операция" жүргізіп жатқанын айтады. Алайда Батыс мұны РФ армиясының Украинаға нақақтан-нақақ басып кіруі деп есептейді

АҚШ Президенті Джо Байден болса, Украина лидері Владимир Зеленскиймен 55 минут бойы телефон арқылы сөйлесіп, Америкадан Украинаға қосымша 500 миллион доллардың тікелей көмегі бара жатқанын айтты.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу