Кеніште жылжымалы заманауи шеберхана пайда болды

3571

Ол кен қопаратын ауыр техникалар сыр берген жағдайда шұғыл көмекке келіп жетеді.

Кеніште жылжымалы заманауи шеберхана пайда болды

"Қазақстан алюминийі" АҚ-ның Павлодар мен Қостанай өңірлерінде орналасқан кеніш басқармаларының карьерлеріндегі күнделікті өндірісінде жүздеген ауыр техника жұмыс істейді. Олардың сапалы және ақаусыз жұмысы өндіріс жоспарын ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік бермек. Алайда, карьерде істен шыққан ауыр техниканы жедел әрі сапалы жөндеу үшін жылжымалы шеберханалар ауадай қажет болады. Осы мақсатта "Қазақстан алюминийі" АҚ филиалы − Краснооктябрь боксит кеніш басқармасы инвестициялық бағдарлама шеңберінде КамАЗ-43118-46 автомобилі негізінде құрастырылған жылжымалы шеберхана сатып алды. Бұл шеберхана тау-кен өндірісіндегі техника-жабдықтарды жөндеумен айналысатын Красногор кеніші жұмысшыларының еңбегін жеңілдетуге зор септігін тигізіп келеді.

Жылжымалы шеберхана – жөндеу базасы мен электр қуаты көзінен шалғайда жұмыс істейтін техникалар үшін нағыз таптырмас көмекші. Аталған техника жөндеу жұмыстары бойынша әртүрлі қызмет көрсетуге қажетті құрал-саймандармен толық жабдықталған.

Сырттай қарағанда бұл шеберхана темір фургоны бар жай ғана КамАЗ көлігі сынды. Анығында ауыр жүк көлігі жұмысшылар кабинасы және жұмыс орнына арналған екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлік − алты адамнан жасақталатын жөндеушілер бригадасын тасымалдайтын кабина. Жөндеушілер кабинасы жылдың кез келген мезгілінде жылы, себебі, фургон қабырғасы пенополистиролмен қапталған. Кабинаның терезесі, кондиционері мен жарығы бар. Төрт жататын орын орындық болып жиналады. Ал, жуынатын орында су қайнататын қондырғы орнатылған. Сонымен қатар, кабина ішіне ас үстелі мен киім шкафы қойылған.

Жылжымалы шеберхананың екінші бөлігі техниканың соңғы үлгісінде жабдықталған. Бес шаршы метр болатын бөлікте жөндеу жұмыстары үшін қажетті жабдықтар, білдектер мен құрал-саймандар жинақталған. Атап айтқанда, слесарлық құрал-саймандар жиынтығы, дәнекерлеу трансформаторы, газбен дәнекерлеу қосыны, жону және бұрғылау құралы, компрессор, вулканизатор және тағы басқа жөндеу құралдары орналасқан. Аталған құралдар КамАЗ-дан алатын қуаттан басқа автономды да жұмыс істей алады. Техниканы құрастырушы зауыт 220 V кернеу беретін ауыспалы тоқ электр станциясын да КамАЗ-ға орнатқан. Сондай-ақ, жұмыс орнында үш оттегі және екі пропан баллонына арналған кесу құралы да бар.

"Бұл теңдесі жоқ техника, – дейді КБКБ-ның қосалқы көлік цехы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Иван Клименко. – Бұл техникамен шығындар азаяды. Бұрындары тиісті жұмыстарды атқару үшін шалғай жерге автокранды, жылжымалы дәнекерлеу аппаратын, жұмысшыларды жеткізетін көліктерді жіберуге тура келетін. Ендігі жерде мұның бәрі жылжымалы шеберханада бар. Бұған қоса, КамАЗ көлігі тау-кен жұмыстары үшін таптырмас техника, жол талғамайды, қуаты да мол, сенімді техника деп айтуға болады".

Техниканың бүйір жағында жүк көтерімділігі 2,5 тонна болатын кран-манипулятор орнатылған. Құрылғының құрыштан жасалған тоспаға берік орнатылуы және көптеген опциялардың болуы кранға күрделі жағдайда жұмыс істей беру мүмкіндігін береді. Бұл кран тау-кен жабдығын жөндейтін жұмысшылар еңбегіне зор қолғабыс болары сөзсіз. Сонымен бірге осы көлікпен Красногор кенішінде жүк түсіру, жүк тиеу, қосалқы бөлшектер және жағармай  жеткізу қызметтері де жүзеге асады.

Жылжымалы шеберхананың ең күрделі жұмысы – кран-манипуляторды басқару. Онымен нағыз кәсіби маман жұмыс жасауы тиіс. Бұл ретте КБКБ-ның тәжірибелі жүргізушісі Қостанай қаласындағы салааралық оқу орталығында арнайы курста білім алды.

Алдағы уақытта Красногор кен орнында жылжымалы шеберхана арқасында алюминий өндірісі үшін қажетті боксит шикізатын өндіру жоспары еселеп арта түседі деген ойдамыз.  

Ақылбек Сатыбалдин, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу