Кеңсесі қираған "Атырау"

1683

​Мұнайлы өлкенің клубы өте қиын жағдайда. Кім қол ұшын созады?

Кеңсесі қираған "Атырау"

"Атырау" футбол клубының биыл басшылығы ауысты. Сенімгерлік бақылауға берілген клубқа басшы болып Эрнис Есмағамбетов пен Әлішер Әпсәламов келді. Клубқа бөлінген қаржы легионерлер мен олардың жалақысына, одан қала бере команданың сырттағы ойындарға баруына кеткен. Түркияда өткізілген оқу-жаттығу жиынын қоса кетс ек те болады. Өткен жылдан қалған қарыздар түгел жабылып, маусым алдында барлығы ретке келді. Бірақ, клубтың базасы әлі де болса қиын жағдайда екен.

Эрнис Есмағамбетов, "Атырау" клубының бас директоры:

- 2009 жылы пайдалануға берілген ғимарат әбден ескірген. Мұнда жөндеу жұмыстары мүлде жүрмеген. Клубтың жеке базасына айналған "Судоремонтник" стадионының жасанды алаңы да ауыспаған. База ішіндегі кейбір бөлмелер тіпті өртеніп кеткен екен. Қазір 10 миллион теңге көлемінде демеушілерден қаржы алып, ғимаратты жөндеуді бастадық. Орталық стадионнан артылған жасанды алаңды үсті жабық футбол залына төсеп жатырмыз. Мұнда қыста балалар жаттығатын болады.

"Судоремонтник" стадионы және оған қарасты 2 қабатты ғимарат клуб балансында емес. Сондықтан да заңды тұрғыда клуб бұл кеңсені жөндеуге қаржы бөле алмайды. Дегенімен бас менеджер Әлішер Әпсәламов қирауға шақ қалып тұрған кеңсені жөндемей, қол қусырып отыра алмадық дейді.

- "Атырау" футбол клубының балалар даярлайтын футбол орталығы бар. Онда қазір 600-ге жуық бала жаттығады. Қыздардан жасақталған 3 топ бар. Одан өзге "Атыраудың" жастар қомандасы да осы алаңды пайдаланады. Сондықтан да, біз үшін бұл өте маңызды нысан. Егер құжаттарын дайындап, әкімшілікке өткізсек, бұл ғимарат 7-8 айда клуб балансына өтуі ықтимал. Біз сол тарапта жұмыс істейтін боламыз.

Атырау қаласының орталық стадионы "Мұнайшының" да мұңды жағдайда тұрғанын байқадық. Стадионға жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне біршама уақыт болған. Тозығы жеткен спорттық нысанның түбі болашағы бұлыңғыр. Қираған орындықтары мен сықырлаған еденін көріп стадионды сүріп тастап, орнына жаңасын салған абзал ма деп ойлайсыз. Қисынға келетін шаруа сол болғанымен Атырау облысының әкімдігінде қалаға жаңа стадион салу туралы жоспар жоқ. Десе де, биыл стадионның жасанды алаңы алмасытырылып, босап қалған орындықтарды сым темірмен бұрап қойыпты. Істен шыққан электронды таблоны қаладағы ірі компанияның бірі демеушілік жасап, жаңасына ауыстырған. Әйтпесе, қалғаны түгел шаршаңқы қалыпта.

1 млрд, 200 млн теңге көлемінде бюджет футболшылардың жалақысынан аспаса, облыс көлеміндегі ірі компаниялар демеушілік танытпаса инфроқұрылымы қираған, клубтың жағдайы еш оңала қоймас. Жергілікті футболшылар жасыл алаңға шықпайды деп жанайөай көтерген жанкүйердің де назы түсінікті. Бірақ, жастарды даярлап, жақсы деңгейдегі футболшы қылыпр шығару үшін ең болмаса орташа деңгейдегі футбол базасы қажет шығар? Ғимаратының ішінде жаттығу залы жоқ, футболшыларды қайта қалпына келтіру бөлмесі салынбаған клубтан не болашақ күтуге болады? База мен стадионды клуб балансына беріп, құқықтық тұрғыда реттемесе "Атыраудың" аты озар күн бола қоймас. Сырттан келген легионердің аяғына қарап отыра берер.

Ермұхамед Мәулен

Атырау қаласы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу