Кеншілер қудаланбайды

4341

Қарағандыда наразылық шарасын ұйымдастырып, кен орнында жатып алған 420 кенші түнгі сағат бірде жердің үстіне шықты.

Кеншілер қудаланбайды

13 желтоқсанда облыс әкімімен кездескен соң 154 кенші сыртқа шыққан болатын. Бір тәуліктен соң барлық кенші райларын қайтып, үйлеріне оралды.

Қарағанды облысы әкімінің ресми сайтында: "Облыс әкімі Ерлан Қошанов пен  "Арселор Миттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен кездескеннен кейін бірінші болып жоғарыға қарай "Қазақстан" шахтасының кеншілері көтеріле бастады. Олардан кейін Шахтинск,Тентек, Ленин атындағы шахталардың кеншілері сыртқа шықты. 01.00 сағатта 420 кенші жоғарыға көтерілді", – деген ақпарат таратылды.

Өз кезегінде "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылығы кеншілердің жалақысын 30%-ға өсірді және барлық жұмысшыларына еңбекақы көлемінде бір реттік сыйақы төлейтін болды. Ал көмір департаментінің жердің жоғарғы қабатында еңбек ететін жұмысшыларының жалақысын қанша пайызға көтеретінін комиссиясы шешеді. Комиссия құрамына белсенді топ мүшелері, кәсіподақ комитеттерінің өкілдері, прокуратура мамандары, шахта директорлары сонымен қатар облыс және "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылары енеді.

Айтпақшы жұмыс берушіге 15 желтоқсанды барлық кеншілер үшін демалыс, 16 желтоқсанды жұмыс күні деп жариялау туралы ұсыныс түсті. Ал кеншілер заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырғаны үшін қудаланбайтын болды. Бұл туралы жұмыскерлерге Шахтинск қаласы прокурорының қолы қойылған құжаттың көшірмесі таратылды.

Хатта наразылық танытқандары үшін кеншілердің жазаланбайтыны, керісінше қажет болған жағдайда прокуратура оларға құқықтық қолдау көрсететіні жазылған.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу