Кеншілер зейнетке ертерек шыға ала ма

3357

Осыдан бірнеше апта бұрын Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметтен зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істейтін отандастарымызды ертерек зейнетке шығаруды талап еткен болатын. Олардың айтуынша, металлургтар мен кеншілердің, мұнайшылар мен уран өнеркәсібіндегі мыңдаған азаматтың зейнет жасын мемлекет төмендетуі керек.  

Кеншілер зейнетке ертерек шыға ала ма

Бұл депутаттық сауалға Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елде зиянды және қауіпті жағдайда еңбек ететін азаматтардың саны – 1 645 247. Олардың ішінде 987 645-і еркек, 657 602-і әйел. 

"1956 жылдың өзінде КСРО "зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңының 9-бабында жерасты жұмысына жұмылдырылған ер адамдар 50 (20 жылдық жұмыс өтілі болса), ал әйелдер 45 жасында (15 жылдық өтілі болса) зейнетке шығатын. Ал біздегі мемлекеттік саясаттың логикасы бюджет шығынын азайтуды мақсат тұтқанымен, азаматтардың мүддесін күйттемейді. Макроэкономикалық, әлеуметтік, демографиялық факторлар есепке алынып жасалған талдауларда жұмысшылардың ерте зейнетке шығуының рационалды негізі бары көрсетілген", – деген өз сауалында депутаттар.

Бұл сауалға жауап берген Ералы Тоғжанов қазіргі таңда республикада жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылдан бастап қана жұмыс өтілін есептейтінін айтады. Қазақстанның зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес, ортақ зейнетақының мөлшерін жинақтаушы қаражат толтыруы керек. Ал жинақталатын сома міндетті зейнетақы жарнасынан құралады.

"Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша зейнетке ерте шығуға байланысты зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңінің қысқаруы – қартайғанда көбірек ақша алу үшін зейнетақы көлемін жеткілікті деңгейде жинап алуға мүмкіндік бермейді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудағы үзіліс салдарынан жинақтаушы және базалық зейнетақы айтарлықтай төмендейді. Осыған байланысты еңбектің зиянды жағдайында жұмыс істейтін азаматтар ең алдымен зейнетақымен қамтамасыз етудің міндетті кәсіби схемасын құрып, бекемдеп алуы керек. Дәл осы мақсатта 2014 жылдан бастап міндетті кәсіби зейнетақы жарнасының (МКЗЖ) 5 пайызын жұмысшыға жұмыс беруші аударуы керек. Бұл санатқа шахтерлар мен металлургтер де кіреді. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер өз есебінен МКЗЖ-ны 563 мың жұмысшыға аудара бастады. МКЗЖ-дағы жалпы зейнетақы жинағы 2021 жылдың 1 қаңтарында 319,3 млрд теңгені құрады", дейді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысының орынбасарының жауабына сәйкес, МКЗЖ аударудың арқасында жұмысшылар БЖЗҚ-дан зейнетақысын 50 жастан бастап ала алады. Ол үшін зейнетақы жинағы жеткен жағдайда зейнеттік аннуитет бекітілуі керек.
Жалпы 2020 жылы Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңына өзгерістер енгізілгенін де атап өту керек. Оған сәйкес, зейнеттік аннуитетті бекіту мүмкіндігі артқан. Ералы Тоғжановтың айтуынша, осы шаралар қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға зейнетке ерте шығу мүмкіндігін береді.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу