Кеншілер жер астынан шықпай қалды

6546

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясына қарасты 4 шахтаның 200 кеншісі наразылық танытып жатыр.

Кеншілер жер астынан шықпай қалды

Кенді өлкеден соңғы кезде маза қашып тұр. Таяуда "Қазақмыс" корпорациясының кеншілері жердің бетіне шығудан бас тартып, аз жалақыға ауыр жұмыс істемейтіндерін жеткізген болатын. Абырой болғанда іс насырға шаппай, мәселе оң шешілген еді.

Кеше "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына қарасты 4 шахтаның түнгі ауысымдағы 200 кеншісі жердің бетіне шықпай қойды.  Бұл туралы  abctv.kz-ке "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі: "2017 жылдың 11 желтоқсанында "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаментіне қарасты 4 шахтаның жұмысшылар тобы ауысым аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетуден бас тартты. Еңбек заңы аясында компания басшылары мен кеншілердің құқығын қорғайтын "Қорғау" көміршілер кәсіподағы арасында келіссөз жүре бастады. Басқа шахталар штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр" деген мәлімдеме жолдады.

Кеншілердің  айтуына қарағанда,  "Ленин",  "Тентек" , "Шахтинск", "Қазақстан" шахталарының  кеншілері бүгін түнгі ауысымнан шықпай, шахтада түнеген.

"Қазақстан" шахтасының алдында бірнеше автобус  қаңтарылып тұр. Өйткені кеншілері әлі жер астында. Жаңа ғана шахта директоры наразылық танытып отырған жігіттермен сөйлесуге кетті. Ақыры немен тынатынын уақыт көрсетеді, бізге жалақымызды өсірсе болды, басқа ешқандай талабымыз жоқ. Қазір бәрі қымбат, бізге отбасымызды асырау қажет. Кеншілердің жалақысы шамамен 120-150 мың, біз мәселе оң шешіледі деп үміттенеміз", – деді 2006 жылдан бері "Қазақстан"  шахтасында еңбек етіп келе жатқан кенші Петр Зюлинин.

Шахтинск қаласының тұрғыны Нағима Нұрғалиеваның  ұлы бүгін түнде "Қазақстан" шахтасына жұмысқа кетіп, содан үйіне оралмаған.

"Кеншілерді осындай күйге жеткізген компания басшылары , олар кеншілерді адам құрлы көрмейді, еңбектерін бағаламайды. Қаншама  кенші жер астында қаза тауып жатыр. Кеншілердің әлеуметтік жағдайы жақсы емес. Олар мұндай әрекетке шарасыздықтан барады", – деді Нағима Нұрғалиева.

Осы оқиғаға орай Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне: "Еңбек заңы аясында компания басшылары мен "Қорғау" көміршілер кәсіподағы келіссөз жүргізіп жатыр. Басқа шахталар штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Оқиға облыс  әкімдігінің бақылауында тұр", – деп мәлімдеді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу