Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) көмір өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіби мерекесі – Кеншілер күнімен құттықтады. Қазақстанда Кеншілер күні жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша жиынға қатысушылар шахталар мен разрездерде көз жұмған кеншілерді еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.
Вице-министр Тимур Тоқтабаев кеншілерді төл мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық пен еңбекте жеміс тіледі. Сонымен қатар ол еліміздегі 19 кәсіпорынның жұмысшыларына "Шахтер даңқы", "Еңбек даңқы", "Кенші даңқы", "Көмір өнеркәсібінің құрметті жұмысшысы" төсбелгілерін табыстады.
Министрліктің мәліметінше, қазір бұл салада 35 мың адам жұмыс істейді. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемнің алғашқы ондығына кіреді. 49 кен орнындағы көмір қоры 33,9 млрд тоннаны құрайды. Көмір саласы шамамен 70%-ға жуық электр қуатын, 100% коксохимиялық өндіріс жүктемесін қамтамасыз етеді. Аталмыш сала коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отын қажеттілігін толық қанағаттандырып отыр.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары 2,6 млрд тоннадан астам көмір өндіріп, шамамен 0,8 млрд тонна көмірді өзге елдерге экспорттады. Көмірдің 90%-дан астам зерттелген қоры Қазақстанның солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде шоғырланған. Жекелеген көмір өндіруші кәсіпорындарда өндіру мен басқару концентрациясының жоғары деңгейіне қол жеткізілген. Бүгінгі таңда өндіріс ауқымын арттыру мен тұрақты дамытуды көздейтін өнеркәсіптік-технологиялық саясат жүзеге асырылып жатыр.
2018 жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 113,7 млн тонна көмір өндірді (көмір концентратын есепке алмағанда), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық. Сондай-ақ әлеуметтік және еңбек қарым-қатынасын реттеу үшін 2018 жылдың 23 ақпанында ҚР ИИДМ, көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және ҚР көмір саласы ұйымының жұмысшылары 2018-2020 жылдар аралығында қызмет көрсететін ұйымдармен үшжақты салалық келісімге қол қойды.
Келісім бойынша тоқсан сайын салалық комиссия отырысы өткізіледі. Отырыста көмір саласы кәсіпорындарының өзекті мәселелері, қауіпсіз еңбек жағдайын ұйымдастыру мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша компаниялардың озық тәжірибелері, әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар, кадрлық сұрақтар және т.б. қарастырылады.
"Кәсіп Қорған" тау-кен металлургия кәсіпорындары мен аралас өндіріс қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов inbusiness.kz-ке кәсіподақтың жұмысшылар құқығын қорғау және жұмыс берушілермен бірге еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін жақсарту бойынша атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
Төрағаның дерегінше, кәсіподақтар шамамен 3 млн қазақстандық үшін жұмыс орнын сақтап қалуға ықпал еткен. Мысалы, бір ғана "Кәсіп Қорғанның" өзінде "Қазақмыс" корпорациясының 55 мың қызметкері тіркелген. Қазіргі таңда корпорацияда 27 мыңнан астам кенші жұмыс істейді.
Салтанатты шарада "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-ның бірқатар қызметкерлері марапатталды. Қазіргі мыс концентраты бойынша өндіруден қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеудің тәжірибелі зауытын салу жобасының басқарушы менеджері Александр Юнға "Құрметті кенші", "Батыс" кен орнының директоры Бауыржан Жұмағалиге "ІІ дәрежелі Кенші даңқы" төсбелгілері табысталды. Ал "ІІІ дәрежелі Кенші даңқы" төсбелгісіне "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС "Жезқазғантүстіметалл" ӨБ бөлімшесінің Шығыс-Жезқазған кенішіне қарасты №55 кен орнындағы №51 учаскенің теспе қалаушысы Аятолла Молдағалиев пен "Батыс" кен орнындағы №67 шахтаның бұрғылаушысы Жанұзақ Назарымбетов лайық деп танылды.
Айта кетейік, көмір өнеркәсібі қызметкерлерін марапаттау салтанаты тұңғыш рет республикалық деңгейде өтті. Саланың майталмандарына елорда төрінде құрмет көрсетілді. Ресми марапаттаудан кейін қонақтарға экскурсия ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды.
Қанат Махамбет