Кентаудағы өрт: Өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ауқымды рейд басталды

117

Облыс әкімі жағдайды жеке бақылауына алып, жедел штаб құрылды. 

Кентаудағы өрт: Өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ауқымды рейд басталды Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентаудағы қайғылы өрт оқиғасына байланысты жедел штаб отырысын өткізіп, барлық жауапты ұйымдарға алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді. Төтенше жағдайлар қызметіне жұмысты күшейту тапсырылды.

"Өңірде өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Мерекелік күндері барлық төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлер, жатақханалар мен хостелдерде жаппай тексеру жүргізіліп, рейдтер ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды бақылауға жауапты инспекцияның жұмысы жандандырылды. Халық арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр", – делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Аймақ басшысы Кентаудағы оқиға орнына арнайы барып, жауапты қызмет өкілдерімен жедел кеңес өткізді. 

Айта кетейік, бүгін түнде Түркістан облысының Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері тілсіз жауды қысқа уақыт ішінде толықтай ауыздықтады.

Өкінішке қарай, оқиға салдарынан 18 жастағы азамат көз жұмды. 4 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккендер толық медициналық бақылауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу