Бүгін сағат 14:00 шамасында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған Жамбыл облысының тумасы А. Мурадов (1993 жылы туған) Достық көшесінде орналасқан Kaspi bank бөлімшесін басып алған. Ол 2013 жылдан бері есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр. Оқиға орнына Ішкі істер министрі, Астана қаласының әкімі, Бас прокурордың бірінші орынбасары және басқа да мүдделі қызметтер жедел жеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қарулы ер адам Kaspi-дің барлық активтерін мүгедек балалар мен жағдайы нашар отбасыларға аударуды талап еткен. Талабын орындауға 3 сағат берген. Кепілге алған қыздың басына тапанша тақап, қоқан-лоқы жасаған.
16.45 шамасында "Арлан" арнайы жасағы барлық кепілге алынғандарды босатты. Кепілге алынған адамдарды босатуға 2 сағат уақыт кеткен.
"Мен онымен сөйлестім. Ол менің жеке басыма қатысты деректерді тексерді. Ол қызды қорқытып ұстап тұрды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Мен қайталап айтамын, зардап шеккендер жоқ. Кепілге алынған адамдар тексерілді, өйткені біз көзден жас ағызатын газ қолдандық. Сондықтан, медициналық тексеру жүруі тиіс. Ешкім жараланған жоқ. Өйткені, біз шабуылдаушы арнайы құралдарды қолдандық", - деп мәлім етті министр Марат Ахметжанов.
Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгін елордадағы банктердің бірінде кепілге алынып, кейін босатылған адамдардың денсаулық жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
"Олардың арасында жарақат алғандар жоқ. Жедел медициналық көмек қызметкерлері 3 адамды тексеру кезінде олардың қатты күйзеліске түскенін анықтады. Кепілге алынған адамдарды ауруханаға жатқызудың қажеттілігі жоқ", - делінген хабарламада.
Оқиға куәгерлері тапаншаның дауысын естігенде шошып кеткендерін айтады.
"Бүгін демалыс, ойда ештеңе жоқ, бәріміз үйде. Біз, әрине, қорқып, не болғанын бірден түсінбедік. Бізді көшіре бастағанда бомба тастап кетті деп үрейлендік. Әйтеуір, ешкім жазатайым болған жоқ", - дейді Айман Үшақпаева.
Кейбір тұрғындар не болып жатқанын да түсініп үлгермеген.
"Бізді оқиға орнына жақындатпады, балалармен көрші аулада жүргенбіз, сондықтан ештеңе естімедік", - деді тұрғын Мөлдір Сүлейменқызы.
"Бүгін сағат 13.30-да біз жедел жәрдемнің, өрт дабылының дыбыстарын естідік. Не болып қалды деп аң-таңбыз. Бізге жалпы үйдегі чатта ПКСК төрағасы хабарлама тастады – өзімен бірге барлық қажетті заттарды алып, пәтерлерден шұғыл түрде кетуге бұйрық берілді. Сөйтіп үйдің ауласына жиналып, сағат 14.00-ден 17.30-ға дейін күттік", - дейді Бикежан Шалбаев есімді тұрғын.
Ол сондай-ақ полиция дереу әрекет етіп, бәрін уақытылы қоршап тастағанын, ешкімді жібермей, қауіпсіздік шараларын өз деңгейінде орындағарын айтады.
ҚР ІІМ-де қылмыскердің жеке басы мен себептеріне қатысты оқиғаның егжей-тегжейлері туралы әлі хабарланған жоқ.