Кереку мен Корея тәжірибе алмасады

8012

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы "Кванъян" арнайы экономикалық аймағымен келісім жасады.  

Кереку мен Корея тәжірибе алмасады

Тараптар Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында тиісті құжатқа қол қойды.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтың айтуынша, бекітілген меморандумға сәйкес, қос тарап өзара тәжірибе алмасады. Сондай-ақ инвестиция тарту тетіктерін қарастыратын болады.

"Кванъян" арнайы экономикалық аймағымен инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында бірлесе қызмет атқармақпыз. Тәжірибе алмасу мақсатында мамандарды екі елде оқыту көзделіп отыр. Яғни, біздің қызметкерлер Оңтүстік Кореядағы жұмыс барысымен танысады. Біз өз кезегімізде шетелдік әріптестермен осы уақытқа дейін жиған-түйгендерімізбен бөлісуге әзірміз. "Кванъян" аймағын "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының маңызды серіктесі деп білеміз. Екі жақты байланыс біздің экономикалық аймақты дамытуға серпін береді деген сенім мол", – дейді Айбек Тұрсынғалиев.

Кореялық тарап "Павлодардағы" "Каустик", "УПНК-ПВ", "Гиссенхаус" және "КиК" зауыттарының жұмыс барысымен танысып үлгерді. Осы жылдың маусым айында павлодарлық делегация Оңтүстік Кореяға жол тартып, жоғарыда аталған экономикалық аймақтағы кәсіпорындарға баруды жоспарлап отыр.

"Кванъян" - Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы экономикалық аймақтарының бірі. Арнайы аймақ 2003 жылы елдің өнеркәсібін дамыту және мемлекетті әлемдегі ең үздік логистикалық орталыққа айналдыру мақсатында құрылған. Бүгінде ол 300-ден астам өндіріс орнын біріктіріп отыр. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы сынды химия, мұнай-химия бағыттарында жұмыс істейді. Оңтүстік Корея экономикасының 10 пайызы аталған аймаққа тиесілі.

Ал "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында 10 кәсіпорын өнім шығарады. Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар айында арнайы аймақтағы өндіріс орындары 3 млрд теңгенің өнімін өндірген.

Жалпы, осы уақытқа дейін мұндағы кәсіпорындарға тартылған инвестиция көлемі 65,6 млрд теңгеге тең. Оның 12,5 млрд теңгесі – шетелдің тікелей инвестициясы.

Осы жылы тағы 10 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу мәселесі пысықталады. Осы орайда, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 6 жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Бұл жұмыстар 2019 жылдың үшінші тоқсанында толық аяқталады.

Сонымен қатар, биыл "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға темір жолдар, кәріз желілері, ағын суларды тазарту құрылғыларының құрылысы жүргізілмек.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу