Қазақстанда бақылау-кассалық аппаратты, карта сияқты төлем құралдарын қолдану кезінде құқық бұзушылыққа тап болып, сол туралы құзырлы органға хабарлаған тұлғаларға сыйақы беру тәртібі әзірленді.
Қаржы министрлігі "Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адамдарға осындай факт расталған жағдайда сыйақы беру қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
"Бақылау-кассалық машинаны және төлем карточкалары арқылы төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты қолдану кезіндегі бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адамға сыйақы беріледі. Бірақ бұл үшін оның дерегі расталуы қажет. Ал, қасақана, көрінеу жалған ақпарат берген адам Қазақстан заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деп түсіндірді қаржы ведомствосы.
Осылайша, жауапты орган жала жауып немесе "айғақты" қолдан жасап, табыс табуды көздейтін қаскүнемдікке тосқауыл қоюға ниетті.
Министрліктің мәліметінше, бұл жобаның мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру, азаматтарды тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тұтыну барысында өз мүдделерін табанды қорғауға үйрету, олардың бойында құқықтық мәдениетті тәрбиелеу, сондай-ақ кассалық тәртіпті жақсарту болып табылады.
Алайда құжатты әзірлеуші аталған қаулы жобасының мәтінін қоғамдық талқылауға шығарудан бас тартты. Салдарынан "Ашық НҚА" порталында қоғам өкілдерінің әділ сынына ұшырады.
Дегенмен, бұл Қаржы министрлігінің қазіргі басшылығының ойлап тапқан "креативі", жасампаз ісі емес, мұндай жоба он жылдай бұрын елде болған. 2020 жылдардың басында ол "Азаматтық бақылау – түбіртекті талап ет" акциясы ретінде өткізілді.
Бірақ ол кезеңде акция жыл бойы жүрмеді, бірер айды ғана қамтыды. Олай болса, тұрақты негізде болған жоқ.
Тіпті бүгінгі жобаның мақсаттары да бұрынғы жобалардан көшіріле салғаны байқалады. Бұрынғыдан айырмашылығы – құзырлы меморган хабарлаушыларға қанша төлейтінін айтпай отыр.
Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің архивтік ақпаратынша, фискалды чектің берілмегені және банк картасын қабылдаудан бас тартқаны туралы нақ деректерді айтып, шағымданған азаматтарға 2022 жылы жалпы сомасы 11,3 миллион теңге сыйақы төленді.
"Азаматтық белсенділікті арттыру, кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті ынталандыру, тұтынушылар құқығын қорғау, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту – бұл акцияның негізгі мақсаттары осындай. Бұл акцияға кез-келген ниет білдіруші қатыса алады. Фискалды чекті бермеу және банк картасын қабылдаудан бас тарту фактілері туралы "Wipon cashback" тегін мобильді қосымшасын жүктеу арқылы хабарлауға және бұзушылық фактісі расталған жағдайда телефон теңгеріміне сыйақы алуға болады", – деген еді 2022 жылы мемкірістер ведомствосы.
Сол жылы бұзушылықтар туралы хабарлаған және онысы расталған адамдардың 11,3 мың фактісі үшін 11,3 миллион теңге сомасында сыйақы төленді. Яғни, әрбір факті үшін 1 мың теңгеден берілді.
Хабарлама арқылы "қылмысы" ашылған шағын, орта, ірі деңгейдегі 474 кәсіпкерге 14,6 млн теңге ғана айыппұл салыныпты. Бұл жоба өзін-өзі ақтамайды деп танылса керек, кейін мұндай бастамалар халыққа жарияланбады.
Мысалы, салықшыларға бұзушылықтар туралы хабарлау арқылы өзбектер биылғы жыл басынан бері 18 миллиард сумға жуық (900 миллион теңгедей) табыс тапты.
Оңтүстік көршіде бұл іс жүйелі жолға қойылған.
Өзбекстан республикасының Салық комитетінің хабарлауынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында, бірыңғай Soliq мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылардан жалпы саны 54 401 шағым түскен.
Кез келген сатып алушы кез келген сауда орны, дүкен, базар, өнім жеткізуші, қызмет көрсетуші, жөндеуші және басқасы өзіне чек бермесе, қандай да бір нақты банктен басқасының картасын қабылдаудан бас тартса, өзге де заң бұзушылыққа барса, дереу жекеменшік емес, мемлекеттік Soliq (Салық) қосымшасын ашып жіберіп, "Салықтық серіктес" бөлімі арқылы болған оқиғаны баяндай қояды.
Тұтынушы "құрбан" болған жерге салық қызметкері аттанады немесе кәсіпкерге тиісті хабарлама жіберіліп, айыбын құжат жүзінде жоққа шығаруы талап етіледі.
Көрші елде халықтан түсетін хабарламада келтірілген құқық бұзушылықтар келесідей бөлінеді:
· Бірінші орында – фискалды чекті беруден жалтару: биылғы жартыжылдықта – 49 015 дерек.
· Екінші орында – "бөтен" банктің пластик картасынан төлем қабылдаудан бас тарту (осы арқылы әлдебір банкке басымдық беріледі, соның мүддесі ілгерілетіледі, тұтынушыларды соның клиенті болуға итермелейді) – 1 898 шағым.
· Банктік картамен төлеу кезінде тауар құнын қасақана арттыру (кәсіпкерлер осы арқылы банкке төлейтін комиссиясын тауар құнына қосады) – 126 факт.
· Басқа да құқықбұзушылықтар – 3 362 жайт.
ӨР Салық комитетінің хабарлауынша, барлық келіп түскен шағымдардың 26 155-ін қанағаттандырудан әртүрлі себептермен бас тартылған. Себептері арасында бір дерек туралы бірнеше хабарлама жіберу, шағым түскен кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексерудің онсыз да жүзеге асырылып жатқаны, жала жабу сияқтылар болыпты.
Бірақ 24 762 факт расталды және өтініш иелерінің бәріне ақшалай сыйақы аударылды.
Айта кету керек, егер Қазақстанда бұрын табанды, талапшыл тұтынушыларға расталған хабарламасы үшін небәрі 1 мың теңге (бүгінде 2 долларға да жетпейді) төленсе, оңтүстік көрші басқа, тиімді жолды таңдады.
Өзбекстанда хабарлаған азаматқа заң бұзған кәсіпкерден өндірілген айыппұлдың 20%-ы төленеді. Осының арқасында жүздеген миллион сум табысқа кенелгендер бар.
Осының арқасында Өзбекстанда мұндай жоба қағаз жүзінде емес, іс жүзінде азаматтық белсенділікті арттырды, тұтынушыларды өз мүдделерін табанды қорғауға үйретті, олардың бойында құқықтық мәдениетін тәрбиелеуге, сондай-ақ кассалық тәртіпті жақсартуға тегеурінді ықпал етуде.