Кезінде Қазақстанды айыптаған Дональд Трамп алдағы аптада тұтқындалмақ

2542

Америка қоғамдық келісімге зәру.

Кезінде Қазақстанды айыптаған Дональд Трамп алдағы аптада тұтқындалмақ Фото: Ашық дерек көздерінен

АҚШ-тың бұрынғы көшбасшысы және 2024 жылғы қарашадағы президенттік сайлауға кандидат Дональд Трамп дәл Қазақстанға еш жамандық қылған жоқ. Ол Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен дос болатын. 2018 жылғы 17 қаңтарда Трамптың жеке шақыруымен Нұрсұлтан Назарбаев Америкаға сапарлап, онымен оңаша кездесті. Яғни, авторитарлық режимдерді құлай сүйетін Д.Трамп Құрама Штаттардың тізгінін қолына ала сала, осындай лидерлер қатарында Қазақстанның сол кездегі "суперпрезидентін" де қонаққа шақырған. 

"Менің өзім, тіпті бүкіл әлем сізге зор құрметпен қарайды", – деді Д.Трамп Н.Назарбаевқа және оны қабылдау өзі үшін "зор мәртебе" екенін мәлімдеді. Бұл сөздерді қазақстандық жергілікті пропаганда біразға дейін талғажау етті. 

Алайда келесі жылы, 2019 жылғы қарашада Дональд Трамптың Қазақстанға "Ауғанстанға көмектеспей отыр" деп ауыр айып таққаны белгілі болды. Бұл Қазақстанда таңданыс туғызды. Себебі, қазақ елінің гуманитарлық көмегі, миллиондаған тонна бидайы мен отын ресурстары ауған еліне тегін беріліп тұрады. 

Пентагонда АҚШ Президентінің қатысуымен, штабтар бастықтарының біріккен комитетінің кездесуі өтіп, Ауғанстанға әскери көмек мәселелері талқыланған. Сонда Пентагон Ауғанстанға көмектесу үшін Конгрестен көбірек ақша сұрауды ұсынады. 

"Біз өзімізге сонша көмектеспейміз. Біз барлығына көмектесеміз. Сіздер Қазақстанды білесіздер ме? Өте бай ел. Мен соңғы рет осы елге барғанымда, олар біздің көмегімізге: "О, рахмет, рахмет!" деп қуана бас изеумен болды. Бірақ Қазақстан неге бізге ақы төлемейді? Неге олар Ауғанстанда жаумен күреспейді?", – деп айыптаған Президент Д.Трамп.

Қазақстан тарапы бұған таңданыс білдірді. 

"Ол Қазақстанды басқа елмен шатастырған болуы керек. Біріншіден, Трамп ешқашан Қазақстанға сапармен келген емес. Екіншіден, АҚШ Қазақстанның Ауғанстанды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Біз бұл елге гуманитарлық, техникалық және білім беру салаларында көмек көрсетіп тұрамыз. Бұл өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ортақ міндетіміз", – деді еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Есесіне Трампқа Украина жұртшылығының өкпесі қара қазандай. Өйткені Путинмен де достық қарым-қатынаста болған АҚШ-тың сол кездегі көшбасшысы Украинаға салмақты әскери көмек беруден бас тартты. Тек "Javelin" танкке қарсы жеңіл, қозғалмалы зымыран кешенінің бірнеше партиясын жіберумен шектелді. Украиналық әскери сарапшылар "егер сол кезден бастап АҚШ Украинаны қуатты қаруландыруға кіріскенде, кең ауқымды басып кіруге Мәскеудің батылы жетпес еді" деп өкінеді. Оның үстіне Д.Трамп алда тағы Президент болса, бұл соғысты бір күнде бітіруге уәде етті: бұл үшін Украинаға көмекті тоқтатып, оның оккупацияланған аумақтарын Ресейге беруге мәжбүрлемек.

Жалпы, Д.Трамптың АҚШ билігіне қайта келу мүмкіндігі жоғары болатын. Ол келесі жылғы президенттік додада Республикалық партияның жетекші үміткері саналады. 

Дегенмен, соңғы аптада оның мүмкіндігі азая бастады. Дональд Трамп алдағы аптада тұтқындалуы мүмікн. Трамп өзіне тағылған айыптар бойынша сотта 4 сәуірде жауап беруге тиіс. Бірақ айыптарды мойындамайтынын хабарлап, барудан бас тартып отыр.  Сондықтан АҚШ ақпарат құралдарының мәліметінше, Флоридада тұратын Американың бұрынғы президенті алдағы күндері тұтқындалып, Нью-Йорктегі сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі. Бірақ Трамптың адвокаты бұл жағдайда өз қорғалушысының қолына қауіпті қылмыскер сияқты кісен салмауға уағдаласты. Манхэттен прокуратурасы мен экс-президенттің заңгерлер командасы өзара осындай мәмілеге келді.

Осының алдында Нью-Йорктегі үлкен алқабилер жюриі Д.Трампқа қарсы 30-дан астам айыптан тұратын тізімді жариялады. Оның ішінде ашынасы мүмкін порножұлдыз Сторми Дэниэлске үнсіздік үшін пара төлеуі, бизнестегі алаяқтық схемаларды жүзеге асыруы және басқасы бар. 

Оның адвокаты Джо Такопин өз клиенті ешқандай қылмыс жасамағанын алға тартты, сондықтан оның өз айыбын мойындау туралы мәмілеге мойынсұнуы мүмкіндігін "нөлге" тең деп бағалады. 

АҚШ экс-президенті өзіне айыптарды саяси қудалауға теңеді және сайлауға жоғары жақтан араласу деп танитынын мәдімдеді. 

Би-Би-Си Дональд Трамп үстінен сот билігі ресми түрде қылмыстық іс ашылған тарихтағы тұңғыш АҚШ экс-президенті болғалы тұрғанына назар аудартты. Осы бейсенбіде Манхэттеннің Үлкен алқабилер жюриі дауыс беріп, тағылған айыптарды және дәмектемелерді салмақты деп таныды. Бұл туралы Манхэттеннің округтік прокуроры Элвин Брэггтің кеңсесі қабылдады: Трампты сотқа тарту мәселесін шешу үшін үлкен жюриді биылғы қаңтарда осы прокурор құрған болатын. 

Тергеу бірнеше бағытта "қазыпты". Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай, оның бір эпизодына сәйкес, 2016 жылғы сайлау қарсаңында жанжал туындап, ушықпауы және беделіне дақ түсірмеуі үшін Трамп өз адвокаты арқылы порножұлдыз Сторми Дэниэлске (шын аты – Стефани Клиффордс) 130 мың доллар төлеген. Мәміле бойынша бейәдеп фильмдердің актрисасы он жыл бұрын болашақ Президентпен көңілдес болғаны туралы тіс жармауға тиіс болған.  

Жалпы алғанда, бұл төлем заңсыз емес, себебі заң бойынша тек қолында билігі бар адамға ғана пара беруге болмайды. Алайда Трамп ол соманы өз адвокатына заңгерлік қызметі үшін ақы ретінде рәсімдеген болып шықты. Ал бұл Нью-Йорк штатында есептілікті фальсификациялау болып есептеледі және ол үшін қылмыстық жаза көзделген. Сол үшін 2018 жылы адвокат Майкл Коэн үш жылға бас бостандығынан айрылып, түрмеге отырып шықты. Трамп ол кезде Президент болғандықтан, иммунитетін пайдаланды, сол себепті оған ресми айып тағылмады. "Айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылдының" кері келді. Дегенмен, дәл қазір прокурор Брэггтің ол істі қайта қозғау үшін қандай жаңа негіз тапқаны белгісіз, жария етілмеді. Трамп Стормимен төсектес болғанын әлі күнге дейін растамады. 

Трамптың жасырын табыстары да көп сұрақтар тудырады. Мысалы, оның декларациясындағы "өз активтер" бағанындағы сома бір жылда, яғни 2011 жылғы 184,1 млн доллардан 2012 жылы 303,5 млн долларға дейін өсіп шыға келген. Ол оның себебін түсіндірмеген. Ұзақ жылғы тергеудің материалдарына басқа да бұлыңғыр істері ілігіп отыр.

ВВС дерегінше, Д.Трамп Нью-Йоркке жеткізілген соң ресми түрде тұтқынға алынады. Оның саусақ іздері алынады, бет-жүзі анфас, профилде суретке түсіріледі. Содан соң іс бойынша алғашқы тыңдау өтеді. CBS арнасы да Трамптың заңгерлеріне, адвокаты Сьюзан Нечелеске сілтеме жасай отырып, экс-президенттің алдағы сейсенбіде сотқа жеткізілуі мүмкін екенін мәлім етті. 

Дональд Трамп үлкен жюридің шешімін долдана қарсы алды және Демократиялық партияның мүшесі, прокурор Брэггті "Джо Байден үшін лас жұмысты істеп жатыр" деп айыптады. Бұған қоса оны Джордж Соростың жандайшабы деп атады. 

"Америка бірінші орында" деген патерналистік ұранды ұстанатын Д.Трампты америкалықтардың үлкен бөлігі қолдайды және "Американы қайтадан ұлы ету" үшін оның заңды белден басқан тірліктеріне көз жұма қарауға дайын. Америкалық истеблишментте, элитада да бұл іске қатысты бірауыздылық бар деуге келмейді. 

"Бұрынғы Президентке ресми айып тағу – тарихымызда теңдесі жоқ қадам. Сонымен бірге Трамптың заңға қайшы тірліктерінің де теңдесі жоқ. Заң үстемдігін ұлық тұтатын ұлтымызда кез келген тұлғадан қатаң сұрау болуға тиіс. Әсіресе, биік лауазымды иеленіп отырған байлардан, ықпалдылардан қатаң сұрау болуы міндетті", – деп нықтады Трамптың саяси қарсыласы, конгрессмен Адам Шифф.

Республикалық партия өкілі, Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти прокурор-демократ Брэггке шүйлігіп, федералдық бюджет қаржысын сайлау барысына араласуға пайдаланды деп, прокурор үстінен парламенттік тергеу бастауға уәде етті. 

Саясаттанушылар Трампқа қарсы айыптар топтаса келе, оның президенттік додаға қайта түсуіне кері әсер етуі мүмкін деп санайды. 

Өткен аптада Reuters агенттігінің тапсырысымен жүргізілген сауалнама нәтижесінде тіпті Республикалық партия мүшелерінің шамамен 44%-ы "Трамп сайлауға қатысудан бас тартуға тиіс" деп санайтыны анықталды. Яғни, көптеген америкалықтар оны енді тіпті кандидат ретінде көргісі келмейді. 

Республикалық партияның праймеризінде, яғни бірыңғай кандидатты таңдауында Трамптың басты қарсыласы саналатын Флорида штатының губернаторы Рон Десантис штат бұрынғы Президентті ұстап беруге жәрдемдеспейтінін мәлімдеді. 

Саяси шолушы Кайл Эпстайнның пікірінше, Десантис "былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі" дейтін тұйыққа тірелді. Егер Трамп өз штатында тығылып, жатып алса, онда Нью-Йорк прокуроры кеңсесіне оны сотқа мәжбүрлеп жеткізу шараларын қабылдауға, яғни Палм-Бичтегі салтанатты сарайын арнайы жасақпен шабуылдауға тура келеді. Мемлекет мүддесі үшін ұйымдастырылатын мұндай операцияларға штат басшылығы көмек көрсетуі шарт. Егер прокуратураға кедергі жасаса, онда Десантис губернаторлық жұмысында көптеген проблемаға тап болады. Ал егер губернатор жәрдемдесер болса, онда Трампты қызу жақтайтын республикалықтардың ашынысын туғызады.  

Дегенмен, New York Times губернатордың қолында прокурор Брэггке кедергі келтірудің заңды тәсілдері жоққа тән деп жазды. 

Демократияның ұстыны, дамыған әлемнің көшбасшысы саналатын Американың өзі де тығырыққа тіреліп тұр. Ресейлік, қытайлық пропаганда Трамп ісін қоптыртып, "бұдан кейін АҚШ сайлауын адал, әділ деуге болмайды", "биліктің өзіне мықты қарсылас бола алатын кандидатты жарыс жолынан шығарып тастауға тырысып жатыр" деп уағыздауда. Сонымен бірге Трамп ісі елді екіге жарды.  

Politico басылымы Дональд Трампқа қарсы айыптаулар сот жүйесін батпаққа батырғалы тұр деп жазады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу