Жексенбіде "Барыс" өз айдынындағы матчтар сериясын Минскінің "Динамосымен" өткен кездесумен ашты. Ярославльдағы сәтсіз кездесуден кейін біздің команда Нижнекамск қаласында "Нефтехимикті" жеңіп, жеңісті жолға қайта оралған болатын.
Ойыншыларға келер болсақ, "Динамоға" қарсы өткен кездесуде Йони Ортио қақпаны күзету үшін айдынға шыққан. Жанкүйерлер оны қазан айында команданың ең үздік ойыншысы деп таныды. Ол 28 соққыны қайтарып, "Барысты" біраз жеңілістен қорғап қалды. Бірақ бұл жолы емес... Бұл осы маусымдағы командалар арасында өткен екінші матч. Қыркүйектің басында "Барыс" Минскіде 4:5 есебімен, овертаймда қарсыластарына жеңіліп қалған еді.
Бұл жолы да динамолықтар Нұр-Сұлтанға жақсы дайындықпен келгені бірден байқалды. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қарқынды ойнап, қонақтар есеп ашты. Козунның арқасында екі рет гол соққан "Динамо" хоккейшілері бірінші айналымды сәтті өткізді. Кезеңнің соңына қарай "Барыс" төрт минутқа жуық басымдылыққа ие болды. Бірақ өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Екінші кезеңде Шарангович есеп айырмасын одан әрі ұлғайтты. Үшінші кезеңнің ортасында соғылған Якоб Лиляның голы Барыстың ойынына серпіліс бергендей болды. Есеп 3:1-ге жетті. Алайда біздің команда басымдылығын одан әрі сақтай алмайды. Кездесу соңында Кирилл Воронин айдын иелерінің қақпасына төртінші гол соғып, есепті қорытындылады.
Нәтижесінде кездесу 4:1 есебімен, "Динамоның" пайдасына аяқталды. Осылайша, биылғы маусымда "Барыс" екі кездесуде де Минскінің "Динамосына" есе жіберді. 22 ойында 24 ұпай жинаған қазақстандық команда Шығыс конференциясында 7-орында қалды.
"Барыс" – "Динамо" Мн – 1:4 (0:2, 0:1, 1:1)
0:1 Козун (Менелл, Протас) 10:15
0:2 Козун (Воронин) 12:23
0:3 Шарангович (Козун, Принс) 32:08 ГБ
1:3 Лилья (Волк, Виделль) 47:40 ГБ
1:4 Воронин (Протас) 57:10
Енді "Барыс" өз айдынында өтетін матчтар сериясын одан әрі жалғастырады. Сейсенбіде біздің команда "Металлургпен" кездеседі.
Ермұхамед Мәулен