"Витязь" Нур-Султанға "Торпедо" хоккей клубына 2:3 есебімен жеңілгеннен кейін келді. "Барыспен" кездесуге дейін "Витязь" Батыс конференциясында 9-орынға жайғасқан болатын. Олар 32 матч өткізіп, 32 ұпайға ие болды.
Ал өз кезегінде "Барыс" жұма күні "Локомотивті" 3:1 есебімен ұтқан болатын. Команда Антон Сагадеев, Мэттью Фрэттин және Линус Виделльдің голдарының арқасында жеңіске жетті. Ал сол ойында қақпашы Йони Ортио 29 соққыны қайтарған.
Кездесудің бесінші минутында Линус Хультстрёмның қақпаға бағыттаған дәл соққысының арқасында қонақтар алғашқы болып есеп ашты. Екінші кезеңде Каспарс Даугавиньш гол соғып, "Витязь" хоккейшілері басымдылықтарын нығайта түсті. Бірақ екінші айналымнан кейінгі үзіліске аз уақыт қалғанда "Барыс" хоккейшісі Мэттью Фрэттин гол соқты. Ал, үшінші кезеңдегі Никита Михайлистің шығарған тамаша пасын Роман Старченко голға айналдырды. Осылайша есеп теңесті. Бірақ айдын қожайындары бл көрсеткішпен шектеліп қоймады. Нәтижесінде Фил Вароненің қақпаға бағытталған соққысы "Барысқа" жеңіске жетуге және екі ұпай иеленуге көмектесті.
Кездесу аяқталған соң екі команданың бас бапкерлері жалпы ойынға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
"Мықты командаға қарсы өткен ойын болды. Біздің тарапымыздан да жақсы ойын болды. Голдар соқтық. Бірақ, өкінішке орай бір хоккейшіміздің айдыннан қуылғандығының кесірінен жолымыз болмады. Жалпы ойынға көңіліміз толады. Сырт алаңда өткізген матчтар сериясында бір ұпайға ие болдық. Енді тек алға жылжитын боламыз", - деді "Витязь" ХК-ның бас бапкері Михаил Кравец.
"Жақсы ойын болды. Жігіттерге рахмет. Ортио өте тамаша ойнады. Алғашқы кезең жайлы айтар болсам, біз ойынға толықтай дайын болмадық. Қарсыластармыздың жылдамдығы жоғары болды, қақпаға соққыларды көп бағыттады. Содан кейін бар күш-жігерімізді жинап, қарсыластармызды жеңдік. Барлығына рахмет!" - деді елордалық хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис.
Ермұхамед Мәулен