Гагарин кубогының мерзімінен бұрын тоқтауына коронавирус індетінің басталуы түрткі болды. Соның салдарынан Финляндияның "Йокерит" клубы, артынша елордалық "Барыс" жарысты одан әрі жалғастырудан бас тартты. "Йокерит" ширек финалда Санкт-Петербордың СКА командасын өз айдынында қабылдауы тиіс еді. Алайда, елдегі жағдайға байланысты олар ойыннан бас тартты. Ал наурыз айында "Барыс" өз айдынындағы матчтарды көрерменсіз өткізуге құқысы болса да, тәуекелге бармауды жөн санады. Сосын артынша Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, хоккейге қарағанда адамдардың өмірі басты назарға шықты.
"Ресей 24" арнасына берген сұқбатында лига басшысы Алексей Морозов жарыстың дер кезінде тоқтағаны дұрыс болды деп мәлімдеді. "Біз жарысты жылдамдатып аяқтап жіберудің жан-жақты нұсқаларын қарастырдық. Алайда, үлгермейтініміз анық болды. Себебі, Қазақстан мен Финляндиядан соң өзге елдерде де пандемия үдеп кетті. Сосын жарысымызды 10-сәуірден соң жалғастырармыз деп шештік. Бірақ, бұл кезде де індеттің беті қайта қоймады. Енді шілде-тамыз айларында ойнасақ, келесі маусымның күнтізбесін бүлдіріп аламыз. Оның үстіне көптеген хоккейшілердің келісім-шарттары аяқталып жатыр. Олар плэй-офф сатысының көптеген кездесулеріне қатыса алмай қалады", – деді Морозов мырза.
"Йокерит" пен "Барыстың" жарыстан шығуына қарамастан ұйымдастырушылар өзге клубтармен ойнай бергісі келді. Алайда ресей атынан шығатын 6 клубтың да жағдайы қиындап кетті. Олардың қалаларында карантин басталып, арлы-берлі жүріп тұру қиынға соқты. "Әлбетте, жанкүйерлер үшін де, хоккейшілер үшін де жарыстың аяқталмай қалуы өкінішті. Бірақ, біз не істей аламыз? Індет асқынып кетті. Сәл шыдас бергенде жарысты аяқтап үлгерер едік. Коронавирус ең болмағанда 2 аптаға кешігіп келген күннің өзінде жарысты аяқтап жіберер едік. Себебі, біз жартылай финалға тақап қалып едік" деді лига басшысы.
Сонымен қатар, Алексей Морозовтың ойынша клубтардың келер маусымға дайындығы да басты рөлде. Себебі, көптеген клубтар жаңа маусымға жазда дайындала бастайды.
Ермұхамед Мәулен