Бүгін Магнитогорскіде "Металлург" пен "Барыс" арасында ҚХЛ Шығыс конференциясының ¼ финал сериясының бесінші матчы өтіп, елордалық клуб айдын қожайындарынан 5:1 есебімен жеңіліп қалды.
Естеріңізге сала кетейік, төртінші кездесуде 4:2 есебімен Юрий Михайлис шәкірттері жеңіске жеткен болатын. "Барыс" сапында қақпаға салған шайбаларымен Мэттью Фрэттин, Джесси Блэкер, Роман Старченко және Кирилл Панюков көзге түсті. "Металлург" командасынан Николай Прохоркин мен Николай Голдобин ерекшеленді.
Айдын иелері Сергей Мозякиннің дәл соққысының арқасында есепті жылдам ашты. Үзіліске аз уақыт қалғанда Николай Прохоркин "Металлургтың" басымдылығын нығайтты. Екінші кезеңнің ортасында магнитогорскілік команда тағы да есепті еселеді. Гол авторы Николай Голдобин. Ал бұл голға 5-те 4 форматындағы ойын барысында Кертис Волк бірден жауап берді. Алайда, бұдан кейін алаң иелері жасаған тағы екі тиімді шабуыл голға ұласты. Гол авторлары Бек пен Расмуссен. Соңғы үшінші кезеңде гол соғылған жоқ.
"Металлург" – "Барыс" 5:1 (2:0, 3:1, 0:0)
1:0 – 01:27 – Мозякин (Хольм, Карпов)
2:0 – 15:32 – Прохоркин (Дронов, Голдобин)
3:0 – 27:30 – Голдобин (Плотников, Прохоркин)
3:1 – 30:04 – Волк
4:1 – 35:55 – Бек (Нестрашил, Пашнин)
5:1 – 36:39 – Расмуссен (Хольм)
Қақпашылар: Кошечкин – Ортио (Карлссон, 36:39-60:00)
Сериядағы алтыншы матч 12-наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Ермұхамед Мәулен