Хосе Кантенің соққан голы "Қайратқа" жеңіс сыйлады

1801

ҚПЛ-дың 2-туры аясында үш кездесу өтті.

Хосе Кантенің соққан голы "Қайратқа" жеңіс сыйлады

"Мақтаарал" Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында "Қайратқа" есе жіберді. Матч "Түркістан Аренада" өтіп, 0:1 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі шешуші гол 25-минутта пенальтиден соғылды. Хосе Канте бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып, командасына жеңіс сыйлады. Ал кездесудің 78-минутында осы маусымдағы алғашқы голдың авторы Биллал Себаихи алаңнан қуылды.

"Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында "Атырауды" 2:1 есебімен жеңді. Ойынның 20-минутында Андрия Филипович сол қапталдан асырылған пасты қақпаға дәл бағыттап, "мұнайшыларды" алға шығарды. Бірінші таймның соңында Уго Видемон айып соққысын тамаша орындап, есепті теңестірді. Ал 83-минутта Артурас Жулпа жеңісті голды соқты.

Премьер-лиганың екінші турында "Каспий" "Тобыл" командасымен тең ойнады. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды.

"Каспийдің" бас бапкері Николай Костов "Тобылмен" болған ойынды қорытындылады.

"Менің ойымша, бұл ойын өте жақсы өтті. Екі команданы да осындай ойын үшін құттықтағым келеді, ойыншылар барын салды. Чемпион командаға қарсы өзінің рухын түсірмей, жақсы нәтиже үшін ойнаған командама ризамын, ең бастысы барлығы да жеңіс үшін ойнады. Себебі біздің жігіттер, мақтауға тұрарлық және құрметке лайық. Сондай-ақ маған команданың ұйымшылдығы мен тәртібі ұнады. Ол қарсыластар үшін нағыз қару болып табылады", – деді Николай Костов.

Ауа-райының қолайсыздығына және ойыншылардың жарақат алу қауіпіне байланысты Қазақстан Чемпионатыны4 2-турында "Ақжайық" - "Тұран" арасында өтуі тиіс ойынды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚКФЛ баспасөз қызметі деп хабарлады. Ойынның төрешілер бригадасы "Ақжайық" стадионынының алаңын тексерді. Төсеніштің беті мұзбен жабылған, үздіксіз жауған қар алаңды тазарту жұмыстарын қиындатуда. Алаңның қазіргі кездегі жағдайына байланысты ойынға қатысатын клубтардың келісімімен, сондай-ақ төрешілер бригадасы мен ҚКФЛ шешімімен кездесу кейінге ауыстырылды.

Сондай-ақ Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ел біріншілігінің 1-турындағы "Астана" - "Шахтер" ойынына қазақстандық футболдың түлегі болып саналмайтын жеті футболшының заңсыз қатысқаны үшін Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитетінің шешімімен кездесудің нәтижесі жойылғаны туралы хабарлады. Нәтижесінде "Астанаға" 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылды. Естеріңізде болса, бұл ойын тең аяқталған болатын (0:0). Екінші турда "Ақсудан" жеңілген елордалық клуб турнирлік кестеде соңғы орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу