Киберфутболдан Қазақстан құрамасы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысуда

2145

Қазақстан құрамасы eEURO 2020 жарысының алғашқы кезеңінде екінші орын иеленіп, шешуші кезеңге жолдама алды. Енді соңғы айналымда Еуропа Чемпионатының алты жолдамасы сарапқа салынады.

Киберфутболдан Қазақстан құрамасы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысуда

С тобында бірінші орын алған Босния және Герцеговина құрамасы Еуропа Чемпионатына тікелей жолдамасына ие болды. Ал, біздің құрама іріктеу кезеңінің келесі айналымына шығып, Еуропа Чемпионатының жолдамасына таласу құқығын жеңіп алды.

Киберфутболшылар сынға түсетін еEURO 2020 жарысының шешуші іріктеу кезеңі 20-27 сәуір аралығында өтуде.  Шешуші кезеңде сынға түсетін үміткерлер екі топқа бөлінді. Әр топта 5 команда бар. Алғашқы үш орын алған командалар жолдамаға ие болады. Жеребе тартылып, біздің жігіттер екінші топқа түсті. Қарсыластарымыз - Испания, Литва, Түркия және Дания құрамалары.

Қазақстан Ұлттық құрамасының намысын еліміздің ең мықты киберфутболшылар қорғауда. Олар ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары - Қаныш Әбікенов пен Кабир Добай.

Турнир ережелеріне сәйкес, Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде қарсыластар екі рет кездеседі.

"Шешуші кезеңге қатысатын ойыншылардың деңгейі өте жоғары. Өйткені, алғашқы іріктеуде өз тобында екінші орын алған командалар жиналды. Біздің топтың көшбасшылары - Испания мен Түркия. Испания құрамасының қатарында "Барселонадан" The_Palma мен Германияның "Бавариясының" ойыншысы Alex Alguacil сынға түседі. Испания құрамасының қатарында Alex Alguacil 2018 жылы өткен киберфутболдан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Ал, Дания мен Литва құрамалары керемет ойын көрсетіп, кез келген қарсыласқа төтеп бере алады. Алайда, Қазақстан құрамасының да мықты тұстары мен оң нәтиже көрсетуге мүмкіндіктері бар. Ең басты сол мүмкіндіктерді пайдалану, - дейді киберфутболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы Қаныш Әбікенов.

Естеріңізге сала кетсек, киберфутболшылар бақ сынап жатқан еEURO 2020 жарысының шешуші іріктеу кезеңі 27 сәуір күні мәресіне жетпек. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу