Киесі ұрды! Қазақстанға кіруіне болмайтын Тигран Кеосаян өлім аузында жатыр

675

Тигран Кеосаянның клиникалық өлім құшып, ес-түссіз жатқаны белгілі болды.

Киесі ұрды! Қазақстанға кіруіне болмайтын Тигран Кеосаян өлім аузында жатыр Фото: 2ch.hk

Бұл туралы оның әйелі, RT телеарнасының, "Россия сегодня" медиатобының және халықаралық "Sputnik" ақпарат агенттіктерінің жетекшісі Маргарита Симоньян мәлім етті.

"Соңына дейін жариялағым келмеп еді, бірақ ақпарат құралдарының өкілдері қоңырау шала бастағандықтан, өзім жазайын деп шештім. Менің күйеуім, Тигран Кеосаян клиникалық өлімді өткерді және комада жатыр. Көптеген адам білетіндей, оның жүрегі баяғыдан қатты ауырады", – деп жария етті ол.

Маргарита Симоньян қазіргі кезде күйеуінің туыстары жанында екенін жеткізді. Бұл ретте Симоньян өз ахуалын сипаттаудан бас тартты. Тек жұбайының анасының жағдайын баяндады.

"Мен реанимациядан "кружочектер" (Telegram-дағы 60 секундтық қысқа видеохабарлар) жаза алмаймын және қайғы жұтып, еңіреген сипат танытып, селфиге түспеймін. Сондықтан бұл туралы әлеужеліде жазбағаным үшін кешірім сұраймын. Тигранның анасы да, менің анам сияқты бізбен бірге тұрады. Екі жыл бұрын үлкен ұлынан айрылған, енді соңғы күшін сарқып, кенжесінің тірі қалуын тілеген әйелдің ахуалын сөзбен жеткізу қиын", – деп жазды ол.

Осылайша, кешеден бері ғаламторды кезіп кеткен қаңқу сөздің анық-қанығы және Тигран Кеосаянның жағдайы белгілі болды.

Baza дерегінше, 59 жастағы ресейлік және армяндық режиссер, тележурналист Тигран Кеосаян ауруханаға былтырғы желтоқсан айының соңында түскен. Кремльдің нұсқауымен елдегі ең білікті ақ халатты мамандар жабыла жүріп, оның жағдайын тұрақтандырған. Бірақ Кеосаян есінен танған күйі жатыр. Сондықтан оның жағдайы "ауыр" деп бағаланады.

Тигран 2008 және 2010 жылдары 2 инфаркті бастан өткерген. Оған аортокоронарлы стент қойылыпты.

Тележүргізуші Ксения Собчак өз телеграм-каналында Симоньянның күйеуіне күн сайын барып, оның тамырын басып көретінін хабарлады.

"Мен Тигранмен жеке араласқан емеспін. Бір білетінім, Маргарита оған күн сайын барады және жанында көп уақытын өткізеді. Мұндай жағдай, өкінішке қарай, өте ұзақ уақыттан бері жалғасуда", – деген Собчак Кеосаянның беті бері қарамауы мүмкін екенін білдіріп өтті.  

Тигран Кеосаян 1966 жылғы 4 қаңтарда кеңестік пропагандист, режиссер және сценарист Эдмонд Кеосаянның отбасында дүниеге келген.

Ұлы әкесінің жолына түсті және төл режиссерлік мансабын 1992 жылы бастады. Ресейлік RTVI бүгінде оның фильмографиясы 20 туындыға да жетпейтініне назар аудартты. Көбісі – РФ федералдық бюджетінің қаржысына, Кремльдің тапсырмасымен түсірілген киносымақтар. Арасында Қырымды аннексиялауды дәріптеген "Крымский мост. Сделано с любовью!", сондай-ақ "Бедная Саша", "Ландыш серебристый", "Три товарища" бар.

Дегенмен, Кеосаянның атағы жала жапқыш, жанжалшыл журналист ретінде шықты. РЕН ТВ-да соғысшыл теріс уағыз жүргізетін "Вечер с Тиграном Кеосаяном" және "Хватит молчать!", НТВ-дағы "Международная пилорама" сияқты сайқы-мазақ ток-шоуларды жүргізді.

Sputnik радиосында "Пятница с Тиграном Кеосаяном" бағдарламасы шығып түрды. Бұл бағдарламалары бүгінде не эфирден алып тасталды, немесе жаңа шығарылымдары шықпайды, ескілері қайталап көрсетілуде. Осыдан-ақ Кеосаянның жағдайы біраздан ауыр екені байқалады.

Тигран Кеосаян 1993 жылы Алена Хмельницкаямен отасып, үлкен той жасады. Танымал актриса оған екі қыз туып берді. Алайда қырықтан асқанда көңіліне желік біткен Тигран күтпеген жерден зайыбын балаларымен бірге тәрк етіп тастап кетті. Актриса және режиссер тек 2014 жылы ғана ресми ажырасты.

Бұл кезде Кеосаян империяшыл насихатқа ден қойған еді және табысы шашетектен келетін осы салада шүмектеп тер төгіл жүрген жерлесі Маргарита Симоньянмен көңіл жарастырды. Екеуі "Кремльдің рупоры" аталған, Мәскеудің уағызын он шақты тілде жаһанға тарататын RT (Russia Today) медиатобы құрамында жұмыс істеді, миллиардтаған рубль ауқат жиды.

Қос пропагандист қарым-қатынастарын тек Украинаға қарсы соғыс басталып, Ресей оқшауланған 2022 жылы заңдастырып, некелерін қиды. Бұл жұптың 3 ортақ баласы – екі қыз және ұлы бар.

Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Канада және Австралия қаптаған фейк ақпарат таратқаны, жала жапқаны үшін Тигран Кеосаянға санкция енгізді.

2023 жылдың қыркүйегінде Армения премьер-министрі аппаратының басшысы Араик Арутюнян Симоньян және Кеосаян сияқты "жауыз пропагандистер Арменияға қарсы гибридтік соғыс жүргізіп жатыр" деп айыптады. Бұл елге баруына тоспа қойылды.

Осы қос пропагандист дүркін-дүркін Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жасап, іріткі салып келді.

2022 жылғы 24 сәуірде ғаламторда Кеосаянның кезекті арандатушылық видеосы тарады. Онда ол сол жылы "Қазақстанның билігі Жеңіс күніне орай әскери парад өткізуден бас тартқаны үшін" республикаға доқ көрсетті. Видеода ресейлік тележүргізуші "Украинада болғаны Қазақстанда да қайталануы мүмкін екенін" қатаң ескертті.

Сондай-ақ Кеосаян Ресей басшылығын, "жауапты тұлғаларды Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастардың деңгейін қайта қарауға" шақырды. Бұл екі елдің ынтымақтастығын доғаруға, қақтығысуға үндегенмен бірдей еді.

Содан КазТАГ пен "Азаттықтың" жазуынша, 2022 жылғы маусымда Тигран Кеосаян "арасына террористер де қосылған, елге келуі қаланбайтын тұлғалардың қара тізіміне" енгізілді.

"Ресейлік пропагандист Тигран Кеосаян лаңкестермен бірге бір тізімге енгілді. "Ақпарат құралдарында Кеосаянның "персона нон грата" адамдардың тізіміне қосылатыны туралы ақпарат шығысымен ол бірден соған енгізілді. Шекарада оған қатысты "қызыл жалаушалар" да бірден қойылды. Бұл тізімде Кеосаянның сыртында террористер және Қазақстанға кіруі қаланбайтын өзге де элементтер бар", деп хабарлады осы процедураның егжей-тегжейімен таныс дереккөзіміз", – деп жазды КазТАГ.

Артынша Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров журналистерге Тигран Кеосаянның енді "елге кіруі қаланбайтын тұлғалардың тізімінде" тұрғанын және оған Қазақстанға сапарлауға үзілді-кесілді тыйым салынғанын растады. Оның айтуынша, Кеосаянды бұл тізімге енгізуді Қазақстанның СІМ-і ұсынды.

Осылайша, Қазақ елінің сыртынан оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәліметтер таратуға ынтық болған Тигран тілінен тауып, тілсіз, ес-түссіз жатыр. Енді қасиетті қазақ жеріне аяқ басуы да неғайбыл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу