Киев Ресейді ДАИШ-қа теңеді

1532

Украина сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемені бас кесу туралы видео жарияланғаннан кейін жасады. 

Киев Ресейді ДАИШ-қа теңеді Фото: google.com

Сәрсенбі күні Ресей сарбаздары болуы мүмкін әскерилердің украиналық тұтқынның басын кесіп жатқан сәті туралы видео желіде тарады. Содан кейін Киев Халықаралық қылмыстық сотты осынау жан түршіктірер оқиғаны тергеуге шақырып, Ресейді "Ислам мемлекеті" тобына теңеді. 

Кремль интернетте жарияланған видеоны "сұмдық" деп сипаттап, бірақ оның шынайылығын тексеру қажеттігін мәлімдеді. Дегенмен, РФ бұған дейін өз армиясының қақтығыс кезінде зұлымдық жасағаны туралы мәліметтерді үнемі жоққа шығарып келгені белгілі.

"Әлемде ешкім жоққа шығара алмайтын нәрселер бар: бұл хайуандар оп-оңай өлтіреді. Бәріне заңмен жауап беруге тура келеді. Ал, террорды жеңуге тиіспіз", – дейді президент Владимир Зеленский кезекті видеоүндеуінде.

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба болса, Twitter парақшасында: "Желіде ресейлік әскерилердің украиналық тұтқынның басын кесіп жатқаны туралы адам шошырлық видео таралып жатыр.  ДАИШ-тан да жаман Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі ақылға қонымсыз", – деп жазды.

Сонымен қатар, Кулеба "ресейлік лаңкестерді Украина мен БҰҰ-дан қуып, жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартуға" шақырды. 

2014-2017 жылдары "Ислам мемлекеті" содырлары Ирак пен Сирияның біраз бөлігін басып алып, тұтқындардың басын кесу туралы бейнежазбаларды жариялаумен дүниеге танылғаны белгілі.

"Біріншіден, біз өмір сүріп жатқан фейктер әлемінде мұндай кадрлардың растығын тексеру керек. Бұл шынымен болды ма, болмады ма? Оны кімдер және қайда жасады?", – дейді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеуде журналистермен өткен брифингте. 

Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр басы кесілген сарбаздың жеке басын құқық қорғау органдары ресми түрде анықтағанша, оның аты-жөнін жарияламауға үндеді және де Маляр интернет қолданушыларды бұл видеоны желіде таратуды тоқтатуға шақырды.

"Есіңде болсын, жау бізді қорқытқысы келеді", – дейді ол.

Ал Украинаның ішкі қауіпсіздік агенттігі осы бейнероликке байланысты тергеуді бастағанын хабарлап отыр.

"Кеше интернетте ресейлік оккупанттар өздерінің хайуандық табиғатын байқатып, украин тұтқынды аяусыз азаптап, басын кесіп жатқаны туралы видео пайда болды", – деп жазды SBU Telegram-дағы каналында.

Женевада БҰҰ-ның Украинадағы адам құқықтарын бақылау миссиясы болса, әлеуметтік желілерде жарияланған "әсіресе қорқынышты" бейнероликтерден қатты сескенгенін атап өтті.

Сондай-ақ, тағы бір видеода украиналық әскери тұтқындардың кесілген денелері көрсетілген.

"Өкінішке орай, бір ғана оқиға емес. Соңғы оқиғалар да дұрыс зерттеліп, кінәлілер жауапқа тартылуы керек", – деп жазылған осы миссияның хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу