"Киік қорадағы төрт түлігімнен киелі емес": Төтеннен төнген шығын шаруаларды шарасыз қалдырып отыр

Кезінде жойылып кетудің аз-ақ алдында болған киік қазір қазақ даласын еркін кезіп жүр. 

"Киік қорадағы төрт түлігімнен киелі емес": Төтеннен төнген шығын шаруаларды шарасыз қалдырып отыр Фото: ЖИ

Мұны табиғатты қорғау саясатының үлкен жетістігі десек те, соңғы жылдары бұл ауыл шаруашылығы үшін жаңа мәселеге айналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әсіресе, киік шектен тыс шоғырланған өңірлерде шаруалар "шыдамның да шегі бар" десті.

Тура бір ай бұрын Қызылорда облысы, Арал ауданына жол түсті. Сол кезде аз-маз тұрғындармен тілдесіп қалдық. Олар ауылдағы шаруалардың "Киік қорадағы малымнан киелі емес" деп ашынып жүргенін жеткізді. Әлбетте, мұны табиғатқа қарсы айтылған сөз деп қабылдауға әсте болмайды. Бұл – күнкөрісі төрт түлікке байланған ауыл адамының жанайқайы. Өйткені, бүгінгі уақытта киік мәселесі экологиялық тақырып шеңберінен шығып, экономикалық және әлеуметтік мәселеге айналып үлгерді.

Ресми деректердің өзі жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. 2023 жылы арнайы мемлекеттік комиссия киіктің егістік пен жайылымға келтірген шығынын 7,9 млрд теңге деп бағалады. Бұл 1300-ден аса шаруашылыққа тікелей әсер еткен. Кейбір есептерде жалпы шығын көлемі 12 млрд теңгеге дейін жететіні айтылады. Әсіресе, Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында шабындықтардың бүлінуі, егістіктің тапталуы тіркелген.

Қазақстандағы киік санының төрттен бірі Қызылорда облысында шоғырланғаны жайлы дерек бар. Соның ішінде Арал ауданына қарасты Қарақұм, Ерімбетжаға секілді ауылдарда жағдай жылдан-жылға қиындап барады. Малмен күнелтіп отырған жұрттың жайылымы тарылып, тапталып, тіпті шөбі сиреп кеткен. Кей шаруалар қыстық жем-шөпті басқа облыстардан тасуға мәжбүр.

2025 жылға қарай ахуалдың одан әрі күрделене түскені анық. Кейбір шаруашылықтарда өнім шығыны 40 пайызға дейін жеткен. Бұған тек табыстың азаюын жатқызбау керек, мұны алдын ала салынған инвестицияның күйіп кетуі деуге болады.

Мәселенің ең қауіпті тұсы – оның ұзақмерзімді салдары. Ғылыми зерттеулер киік санының өсуі мен жайылым өнімділігінің төмендеуі арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді. Зерттеулерге сүйенсек, әрбір қосымша мың киік жайылымдағы шөп өнімділігін орта есеппен 14 келіге азайтады. Батыс Қазақстанның кей аудандарында жайылымға түсетін қысым 60 пайыздан асып кеткені анықталған. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы бар жем-шөп базасының әлсіреуі. Оның салдары ет пен сүт өндірісіне, баға тұрақтылығына, ауылдағы әлеуметтік жағдайға дейін әсер ететіні анық.

Ғалымдар 4 негізгі қауіпке назар аударады. Олар – шабындықтың тапталуы, су көздеріне түсетін салмақ, жайылым тапшылығы және мал арасында таралуы ықтимал аурулар. Бұған қоса, фермерлердің басым бөлігі киікті өз шаруашылығына негізгі кедергі деп есептейді.

Соңғы кезде бұл мәселе Мәжіліс мінберінде де ашық көтеріле бастады. Кеше ғана "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Премьер-Министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдады. Оған Қостанай мен Ақтөбе облыстарының Торғай-Ырғыз өңіріндегі 116 шаруа қожалығы басшыларының ұжымдық өтініші себеп болған.

Депутаттың мәліметінше, 2003 жылы елдегі киік саны небәрі 21 мың болса, бүгінде 4,5-5 миллионға жуықтаған. Бірақ популяцияны басқару тетігі қатар жүрмесе, ол жаңа дағдарысқа ұласады.

– Ауылдағы жұрттың ашынып айтып отырғаны, кей жерде киіктің жағдайы адамнан артық болып кетті. Бұл сөз эмоция болуы мүмкін. Бірақ оның астарында халықтың шынайы күйзелісі жатыр. Біз осыны түсінуіміз керек. Мәселенің тағы бір түйіні – киіктің көші-қон маршруттары жүйеленбеген, су инфрақұрылымы жеткіліксіз. Соның кесірінен миллиондаған киік ауыл шаруашылығы алқаптарына лап қойып, шаруалардың бірнеше айлық еңбегін бір күнде жоқ қылып жатыр, – деп деді депутат.

Берік Бейсенғалиев Үкіметтен киік көп шоғырланған өңірлерге кешенді талдау жүргізуді, популяцияны ғылыми негізде реттеуді, көші-қон бағыттарын заңмен бекітуді, су инфрақұрылымын дамытуды және шаруалардың шығынын өтеу механизмін енгізуді талап етті.

Шыны керек, "Охотзоопром" мекемесінің киік санын реттеуге күші жетпеуде. 2025 жылы 760 мың киікті реттеу жоспары болған. Соның тек 196 мыңы ғана орындалған.

– Бұл – жүйенің қазіргі ахуалға дайын емес екенін көрсетеді. Егер біз бүгін нақты шешім қабылдамасақ, ертең бұл мәселе тек ауыл шаруашылығының емес, тұтас өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені жай экологиялық тақырып ретінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі деңгейіндегі мәселе ретінде қарастыру қажет деп санаймыз, – дейді халық қалаулысы.

Қалай десек те, шаруалардың "киік қорадағы малымнан киелі емес" деуі – шын мәнінде ойлантарлық жағдай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу