Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының ауданы 1 млн гектардан 3,7 млн гектарға кеңейтілді, – деп хабарлайды Inbusiness.kz. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында "Республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының (зоологиялық) аумағын кеңейту туралы" Үкімет қаулысының жобасы жарияланды.
"Республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының (зоологиялық) аумағы Қарағанды облысының Жаңаарқа, Шет және Ұлытау аудандары және Жезқазған қалалық агломерациясының шегінде 2 756 611, 838 гектарға кеңейтілсін", - деп жазылған құжатта.
Қаулыға қосымша берілген салыстырмалы кестеден бұрын бұл қаумалдың жалпы ауданы 1 млн гектар ғана болғанын және Жамбыл облысының Мойынқұм ауданын ғана қамтығанын көруге болады. Ал жаңа редакцияда экологиялық нысанның жалпы ауданы 3 756 611 гектар болып өзгертілген. Қосымша аумақ Қарағанды облысының Жаңаарқа, Шет, Ұлытау аудандарына және Жезқазған қалалық агломерациясына тиесілі учаскелердің есебінен беріліп отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағын кеңейту Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы жануарлар мен өсімдіктер әлемінің алуандығын сақтау үшін қажет болып отыр. Әсіресе киік популяциясын барынша табиғи күйде сақтау мәселесі өзекті болып отыр.
"Кеңейтілген аумақ киіктің, құланның, қарақұйрықтың жылыстау және қыстау орындарын, қоныс аудару жолдарын жек дуадақ ұя салатын жерлерді қамтиды", – деп жазылған қаулы жобасында.
Сондай-ақ, мемлекет қорғауына қарайтын аумақта құрып кету және сиреу қаупі төнген өсімдіктердің 61 түрі өседі екен. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 17 түр, Қызыл кітапқа енгізуге ұсынылған 4 түр және Бетпақдала мен Сарыарқаның жергілікті түрі болып табылатын 40 түрлі өсімдік бар.
Ал жануарлар бойынша киіктен басқа Қызыл кітап тізіміндегі 17 түрлі жануардың, реликті сипатта мекендейтін немесе үлкен ғылыми қызығушылық тудыратын 11 түрлі жануардың тіршілік аясы мемлекет қорғауына алынып отыр.
Есімжан Нақтыбайұлы