Өткен айда үстіне қамзол, бұтына капрон ғана киген жартылай жалаңаш екі қыз бен трансвестит қазақтың киіз үйінің төрінде "стрип-денс" билеп, "Қазнетті" "жарған" болатын. Бұл музыкалық клипсымақ шетелдік әлеуметтік желілерге дейін тарап кетіп, қызық қуған жұртты біраз дуылдатты. Дегенмен, анайы би елімізде кең резонанс туғызып, қатаң сын да қарша борады.
Басынан хайп асырмаған депутаттар да дереу тақырыпты "қызған кезінде" соғып қалуға асықты. Мәжілісмен Самат Мұсабаев бастап, парламенттік біраз фракция мен бірмандаттылар қостап, қол қойып, жедел түрде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады. Депутаттар құзырлы органдардан аталған бейнероликке құқықтық баға беріп, арандатушы, анайы биді орындағандарға қатысты нақты шара қолдануды талап етті.
Бұл мәселеге ақыры ҰҚК үн қатты. Мәжіліске жазбаша жауабында комитет төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев ведомствоның төл құзыреті шеңберінде депутаттар тобының сұрауын зерделегенін мәлімдеді.
"Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының негізгі белгісі – кінәлі адамның нақ алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана уәжі болып табылатынын хабарлаймыз. Тек бір бейнеролик негізінде оның авторларының ниетінің шынайы бағытын сенімді түрде анықтау мүмкін болмағандықтан, қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша объективті құқықтық баға беру мүмкін емес!", – деді ҰҚК төрағасы.
Бұл жерде сөз болып отырған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-ші бабы ең жоғары дегенде, 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сондықтан сарапшылар егемендікке, жердің тұтастығына, тәуелсіздікке, мемлекеттікке қарсы бағытталған қылмыстар болмаса, желікпе жастардың ағат қылықтарын бұлай айыптауға асықпауға шақырған болатын.
"Қылмыстық кодекстің 174-бабының көрсетілген ерекшелігіне және қылмыстық істердің осы санаты бойынша қалыптасқан сот-тергеу тәжірибесіне байланысты саясаттанушыларды тарта отырып, сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізу, маманның зерттеуі ғана белгілі бір тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл жұмысты Алматы облысының Полиция департаменті жүргізуде", – деп еске салды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев.
Өз кезегінде Бас прокурор Берік Асылов әлеуметтік желілерді шулатқан бейнеролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілгені анықталғанын жеткізді.
"Аталған факті бойынша 2024 жылғы 1 шілдеде Қарасай ауданының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігіне, яғни, "əлеуметтiк, ұлттық, рулық, нəсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бүгінде қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Орын алған жағдайдың мəн-жайларын анықтауға бағытталған тергеп-тексеру əрекеттері жүргізілуде. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іске процестік шешім қабылданатын болады", – деді Бас прокурор Берік Асылов.
Жалпы, бейнеролик айналасындағы дау-дамай қазақстандықтарда түрлі көңіл-күй тудырды.
"Талқылауды доғару керек. Бұдан да маңызды мемлекеттік мәселелер бар. Жастар жап-жақсы билеген екен, тек оны құт ұясы – киізүйдің ішінде жасағаны жарамады. Сұрқай өмірде солай жарқын көрінгісі келген шығар? Таланттары мен күш-қуатын өнерде, белгілі бір салаларда жұмсағаны жөн", – деді Жанна есімді пайдаланушы.
"Шариғат нормаларына лайықталған хиджаб киіміне тыйым салғалы жатқан осы Парламент емес пе? Содан жастар қуанып, жалаңаштанған болар?", – деп қағытты Руслан.
"Біреуі жалаңаштанады, енді біреулері қап-қара матамен тұмшаланады. Қазақстанның қыздары қайда лағып барады?", – деп алаңдаушылық білдірді Алена.
"Жалпы, қазақтың тектілігін бұзу саясаты оңай іске асырылуда ма деп қаласың. Әрбір отбасы балаларыңызды дұрыс тәрбиелеңіздер, өйтпесең, лағып, адасып кетері анық. Қоғамға парасатты, зиялы азамат қажет", – деп толғанды lev.050_kz лақап атты қазақстандық.
Мәжілісмен Самат Мұсабаевтың байламынша, сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құндылықтарымызға ақпараттық шабуыл жасалып жатыр. Соның бір көрінісі – "оюлаған киізүйде ұлттық киім киіп алып, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі".
"Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтағы үш ұзынның ортадағы "сирақты примасы" ез екен. Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз. Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды", – деді депутат.
Оның айтуынша, тыныш қалса, бұға берсе, сұға береді, "албасты қабаққа қарап басады".
"Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі. Екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Таяуда қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі", – деді мәжілісмен.
Қалай болғанда, киіз үй сияқты бабадан қалған ең қастерлі мұраларымызды қорлауға жол бермеген жөн. Жол берілсе, ұлттық құндылықтар да аяқасты болып, келер ұрпақ үшін қажетсіз дүниеге айналуы ғажап емес.
Бірақ үш сылқымды 7 жылға дейін (Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігінің жоғарғы жазасы сондай) түрмеге отырғыза ма, басынан сипап, қоя бере ме, оны тергеушілер мен сот шешеді.