Кіл мықтылар сайысқа түсетін "Уимблдонға" кім барады?

1806

Дүйсенбі, 28-маусым күні Лондонда 134-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан, жүлде қоры 35 миллион фунт стерлингті (шамамен 49.4 млн АҚШ доллары) құрайтын беделді "Уимблдон" турнирі басталады.

Кіл мықтылар сайысқа түсетін "Уимблдонға" кім барады?

Кіл мықтылар күш сынасатын жарыс Ұлыбритания астанасына 2019-жылдан кейін қайта оралмақ. Себебі былтыр пандемияға байланысты турнир өтпеді. Қазақстандық теннисшілерден әйелдер арасында "Уимблдонға" Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диястар қатысады және олардың қарсыластарының есімдері де белгілі болды.

Еліміздің бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 59-орында тұрған франциялық Кристина Младеновичпен шеберлік байқасады. Рейтингте 101-сатыдағы Зарина Дияс әлемнің 61-ракеткасы, латвиялық Анастасия Севастовамен кездеседі. Бірер күн бұрын Елена Рыбакина тартысты матчта осы Севастованы жеңген болатын. Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева іріктеу сайыстары жеңімпаздарының бірімен кортқа шығады.

Биыл аталған жарысқа қатысатын теннисшілеріміздің турнирдегі осы уақытқа дейін көрсеткен жетістіктеріне тоқтала кетсек.

Бір қызығы бұл Рыбакина үшін алғашқы толыққанды "Уимблдон" болмақ. Еліміздің бірінші ракеткасы 2019-жылы жарысқа қатысқанымен, бірақ іріктеу турнирінің үшінші кезеңінде жеңіліп қалды. 2020-жылы Уимблдон өткен жоқ. Ал биыл Рыбакина турнирге ешқандай іріктеусіз өтті.

Путинцева турнирге алты рет қатысты. Төрт рет ол екінші айналымға жетсе, екі рет жарыстың алғашқы айналымынан әрі аса алмады.

Лондонда Зарина Диястың жағдайы басқа теннисшілерімізбен салыстырғанда әлдеқайда жақсы болды. 2014-жылы ол алғаш рет "Уимблдонда" ойнады және бірден 1/8  финалға дейін жетті. 2015-жылы ол дәл осы жетістігін қайталады. Екі жағдайда да Зарина рейтингте өзінен әлдеқайда мықты қарсыластардан - Симона Халеп пен Мария Шараповадан жеңіліп қалды. Кейін "Үлкен дулыға" турнирлерінің бірде-бірінде Дияс осы кезеңге дейін жете алмады.

Ерлер сайысында жеребеге сәйкес қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин өзара ойнайтын болды. Ал Дмитрий Попко іріктеу кезінде ойнады. Ол бірінші турда латвиялық Эрнест Гулбиске жеңіліп қалды.

Кукушкин төрт рет алғашқы айналымда жеңіске жеткенімен, ешқашан үшінші раундқа шықпаған. Ал, Қазақстан теннис тарихында "Уимблдонда" үздік нәтиже көрсеткен Ярослава Шведова ғана. Ол 2016-жылы 1/4 финалға дейін жеткен.

Естеріңізге сала кетейік, әйелдер мен ерлер арасындағы фавориттердің бірі - Наоми Осака (Жапония) мен Рафаэль Надаль (Испания) жарысқа биыл қатыспайды.

"Уимблдон-2021" 28-маусым-11-шілде аралығында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу