Кім алда – Трамп па, әлде Байден бе?

4815

Бұл 3 қарашада белгілі болады.

Кім алда – Трамп па, әлде Байден бе?

Республикалық президент ең жоғары мемлекеттік пост үшін Джо Байденмен бәсекеге түсіп отыр. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері саясат майданында жүрген демократиялық үміткер көпшілікке Барак Обаманың вице-президенті болып кеңінен танылды.

Сайлау жақындағандықтан, әлеуметтік компаниялар қазір халықтың көңіл-күйін біліп, тұрғындардан қай кандидатты қалайтындарын сұрап жатыр.

Байден ұлттық сауалнамада алда келеді

Ұлттық сауалнама – қайсы кандидат беделінің жоғарылау екенін білу үшін тамаша дүние. Дегенмен оның көмегімен сайлаудың нәтижесін тура болжау қиын.

Мәселен, 2016 жылы Хиллари Клинтон сауалнамаларда алда жүріп, Дональд Трамптан 3 млн-ға жуық дауысты артық жинаса да, жеңіліске ұшырады. Себебі Америкада жеңімпазды сайлаушылар алқасы анықтайды.

Жыл басынан бері жүргізілген сауалнамалардың көбінде Байден озып келеді. Оны қолдаушылар кейінгі кездері 50 пайызды төңіректеп, Трампты жақтаушылардан 10 пайызға көп болып отыр.

Салыстырып көрсек, осыдан 4 жыл бұрын Клинтон мен Трамп арасындағы рейтингтік айырмашылық сайлау жақындағанда 2 пайызды ғана көрсеткен болатын.

Сайлауда қай штаттар шешуші рөл атқарады?

АҚШ-та жиналған дауыстың санынан гөрі қай штатта жеңгенің маңыздырақ. Мысалы, кейбір штаттарда сайлаушылар алқасы мүшелерінің саны көбірек болуы мүмкін. Сондықтан үміткерлер дәл осындай штаттарда (мұндай штаттар әдетте "шайқас даласы" деп аталады) басымырақ қолдау табуға тырысады.

Сайлаушылар алқасында 538 адам бар. Олардың кейбірі – демократ, енді бірі – республикалық партиядан. Осы өкілдердің 270-тен астамының дауысын жинаған кандидат президент атанады. Қарапайым халық белгілі бір үміткерге тікелей емес, оның штаттағы өкіліне (сайлаушылар алқасына кіретін мүшесіне) дауыс береді. Ал сол өкіл президент пен вице-президентті таңдайды.

"Шайқас даласы" штаттарында кім алда келеді?

Әзірге мұндай штаттарда Байденнің позициясы нашар көрінбейді. Ол Мичиганда, Пенсильванияда, Висконсинда – үш индустриалдық штатта рейтинг бойынша алда келеді. Айта кетсек, 2016 жылы Трамп мұнда қарсыласынан небәрі 1 пайызға асып, жеңіске жеткен еді.

Дегенмен Трамп өткен сайлауда Айова, Огайо, Техас штаттарында 8-10 пайыз басымдықпен қарсыласын ұтты. Сондықтан Байденнің командасын қазір осы аймақтар айтарлықтай алаңдатып отыр.

FiveThirtyEight саяси сараптама порталы мен The Economist басылымының болжамынша, Байденде сайлауда "жеңетін" және Трампқа "тойтарыс беретін" мүмкіндік бар.

Президенттік теледебаттарда кім жеңді?

Трамп пен Байден арасындағы бірінші теледебат қыркүйектің 29-ында өтті. Содан кейін іле-шала CBS News пен YouGov шешуші штаттарда бірлесіп жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, пікірталасты тамашалаған көрермендердің 48 пайызы Байденнің, 41 пайызы Трамптың жеңгенін айтқан. Ал CNN телекомпаниясының дерегінше, электораттың 60 пайызы демократты ұтты десе, 28 пайызы президенттің басым түскенін мәлімдеді.

Екінші дебат қазанның 22-інде ұйымдастырылып, онда Трамп ұстамдылық байқатып, саяси мәселелерге көбірек мән берілді. Бұл жолы да көрермендер Байденнің сөздерін әсерлі деп сипаттаған.  

Сол сөзсайыстан кейін CNN жүргізген сұраудың нәтижесіне жүгінсек, екінші дебатта көрермендердің 53 пайызы Байденнің телестудиядағы жұмысына жоғары баға берген. Ал "Трамп жеңді" дегендер 40 пайызға да жетпеді. YouGov компаниясының зерттеуі де осы шамалас қорытынды көрсетті. 

Коронавирус Трампқа қалай әсер етті?

COVID-19 – АҚШ-та да жыл басынан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан ауыр проблема. Одан Құрама Штаттарда 230 мыңға таяу адам қайтыс болып, 9 миллионға жуық америкалық жұқтырды. Коронавирус қазанның 2-інде президент пен оның жұбайынан да табылды.

ABC News пен Ipsos poll компаниясы жүргізген сауалнама қорытындысына жүгінсек, респонденттердің 35 пайызы ғана Трамптың пандемиямен күресіне көңілі толатынын білдірген. Ал республикалық партия жақтастарының арасында мұндай пікірдегі адамдардың қатары 76 пайызға ғана жеткен.   

Сауалнамаларға сенуге бола ма?

2016 жылды мысалға келтіріп, "сенуге болмайды" деп оңай айта салуға болады. Сол кезде жүргізілген сауалнамалар Хиллари Клинтонның алда келе жатқанын көрсетсе де, сайлауда Трамп жеңіске жетті. Алайда кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл оқиға социологиялық компаниялардың қателескенін білдірмейді. Олар тек жоғары білімі жоқ сайлаушыларды дұрыс ескермеген. Сондықтан шешуші штаттарда Трамп жақтастарының көп екені дауыс беретін күнге дейін байқалмады. Би-би-си-дің хабарлауынша, социологиялық компаниялардың көбі бұл кемшілікті бүгінге дейін түзетті деуге болады.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу