Ким Чен Ын осы айда Путинмен кездесуі мүмкін

1064

Екі лидер Ресейдің әскери технологиясын Солтүстік Кореяның артиллериялық снарядтары мен ракеталарына айырбастау мәселесін талқыламақ. 

Ким Чен Ын осы айда Путинмен кездесуі мүмкін Фото: АР агенттігі

Ким Чен Ын осы айда Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездесіп, Мәскеуді Украинадағы соғыс үшін қару-жарақпен қамтамасыз ету мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отыр. Ал Ресей Солтүстік Кореямен әскери қарым-қатынасты нығайтуға күш салып жатқанын мәлімдеді.

Шетелге сирек шығатын Ким Пхеньяннан, бәлкім, броньдалған пойызбен Ресейдің Тынық мұхит жағалауындағы Владивосток қаласына барып, Путинмен сонда кездеседі, деп хабарлады дүйсенбіде "Нью-Йорк Таймс" газеті Америка мен оның одақтастарының деректеріне сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, Владивостокта Путин мен Ким ресейлік жер серіктер мен атомдық суасты қайықтарына арналған озық технологияны солтүстіккореялық артиллериялық снарядтар мен танктерге қарсы зымырандарға айырбастау мәселесін талқылайды.

Америка Құрама Штаттары екі ел арасындағы әскери байланыстардың күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірген шақта Кимнің Ресейге бару жоспары мәлім болып отыр. Оның үстіне, жақында Ресей Солтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығулар өткізуді ойластырып жатқанын хабарлады.

"Неге болмайды, олар біздің көршілеріміз. Орыстың ескі сөзі бар: көршілерді таңдамайды, олармен тату-тәтті өмір сүрген жөн", – деп хабарлады "Интерфакс" агенттігі Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың мәлімдемесіне сүйеніп.

Фото: АР агенттігі

Екі ел арасында бірлескен жаттығулар өткізу мүмкіндігі туралы сұраққа Шойгу бұл мәселенің талқыланып жатқанын айтқан.

Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпарат агенттігі жергілікті барлаушыларға сілтеме жасап хабарлағандай, шілде айында Пхеньянға барғанда Шойгу Кимге Ресеймен, Қытаймен бірігіп теңізде жаттығулар өткізуді ұсынған.

Баяғы одақтастар

Кремль өткен аптада Мәскеудің "қырғи-қабақ" соғыстағы жақын одақтасы, сондай-ақ, Ресейдің 2022 жылы Украинаның кейбір бөліктерін аннексиялауын қолдаған санаулы елдердің бірі – Солтүстік Кореямен "өзара сыйластық қарым-қатынастарды" тереңдетуге ниетті екенін айтты.

"Нью-Йорк Таймс" Кимнің Мәскеуге баруы мүмкін екенін хабарлағанымен, бұл ақпарат ресми түрде әлі расталған жоқ.

Кимнің әкесі ұшақтардан қашатын және тек оқ өтпейтін пойызбен саяхаттайтын. Марқұм Ким Чен Ир соңғы рет Ресейге 2011 жылы қайтыс болардан бірнеше ай бұрын барды.

Америка Құрама Штаттары өткен аптада Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы қару-жарақ жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Вашингтонның мәлімдеуінше, Шойгу Солтүстік Кореяға сапарында Пхеньянды Ресейге артиллериялық оқ-дәрілер сатуға көндіруге тырысқан.

Жақында Ресей мен Солтүстік Корея жақынырақ әскери байланыс орнату қажеттігін жариялады. Бірақ Солтүстік Корея Ресеймен "қару-жарақ мәмілесін" жасағанын жоққа шығарып отыр.

Дегенмен, таяуда Америка Құрама Штаттары Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы қару-жарақ келісіміне қатысы бар үш ұйымға санкция салған.

Солтүстік Корея 2006 жылдан бері алты рет ядролық сынақ өткізіп, соңғы жылдары әртүрлі зымырандар ұшырды. Алайда бұл мемлекет көршілерімен әскери жаттығуларды сирек өткізеді.

Америка Құрама Штаттары мен оның одақтасы Оңтүстік Корея болса, мұндай маневларды тұрақты түрде ұйымдастырады. Ал Солтүстік Корея мұндай жаттығуларды өзіне қарсы соғысқа дайындық деп сипаттап келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу