Кімге тегін медициналық көмек көрсетілмейді?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9498

Сәуірге дейін сақтандыру мәртебесін анықтау қажет. 

Кімге тегін медициналық көмек көрсетілмейді?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 17 млн қазақстандықты қамтыды. Бұл ел халқының 90%-ы.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғ­амының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың сөзінше, МӘМС қатысушыларының 11 миллионға жуығы 15 түрлі жеңілдігі бар санаттағы азаматтар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

"Өткен айда "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-ға жарна және аударым ретінде 34 млрд 2 млн теңге түсті. Қомақты қаражаттың 24 млрд теңгесін жеңілдігі бар азаматтар үшін мемлекет аударды", – деді ол.

Басқарма төрағасының баяндауынша, биыл көрсетілетін медициналық қызмет үшін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" 657 мемлекеттік және 601 жекеменшік медициналық ұйыммен 1 258 келісімшарт жасаған. "Өткен айдың қорытындысы бойынша көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызмет 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27% -ға өсті. Оның ішінде КТ мен МРТ қызметін тұтыну - 54% -ға, УДЗ - 21% - ға артты. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметінің барлық түрі мен бейіні 48%- ға өсті. Атап көрсетерлігі невралогия (инсульт) бейіні бойынша көрсетілген қызмет көлемі 3,2 есе ұлғайды", – деді Айбатыр Жұмағұлов.

Оның сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмектің көлемін 1,5 есе ұлғайтып, бюджетін 1,6 трлн теңгеге жеткізді.

Басқарма төрағасының түсіндіруінше, 1 сәуірге дейін еліміздің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметті тегін алады. Межелі мерзімге дейін, яғни 31 наурызды қоса есептегенде, азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуге  тиіс. Осы уақытқа дейін сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана медициналық қызмет көрсетіледі. Қалған қызметтердің барлығы ақылы болады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу