Кинода да, өмірде де президент

4849

Саясаттағы тәжірибесі телеэфирдегі президент рөлінен аспаған Владимир Зеленский басымдықпен жеңіске жетті.

Кинода да, өмірде де президент

Украинада өткен президент сайлауында Владимир Зеленскийдің жеңіске жеткеніне күмән жоқ. Бұған дауыс беру бөлімшелерінің 52%-нан жиналған бюллетень дәлел.

Ситком жұлдызы 73% дауыспен қарсыласын ойсырата ұтты. Президент Петр Порошенконы қолдағандар - 25%-ға жетер-жетпес. Осылайша Украина басшылығына саясаттағы тәжірибесі телеэфирдегі президент рөлінен аспаған комедиялық актер келетін болды.

Бұл – Порошенконың бесжылдық билігіне ауыр сөгіс  және халықтың сыбайлас жемқорлық пен тұрмыс деңгейінің төмендеуіне берген нақты жауабы.

Владимир Зеленский Украина үкіметінің жоғарғы эшелонын мейлінше өзгертуге уәде беріп отыр. Бұл посткеңестік мемлекет қазір парақорлық пен шатқаяқтаған экономикадан ғана емес, 13 мың адамның өмірін жалмаған бесжылдық соғыстың да азабын тартып отыр. Тағы бір сөзінде жеңімпаз Ресейде немесе елдің шығысында тұтқында отырған 170-ке жуық украиналық жауынгерді босатуға сөз берді.

Жеңіске жеткені айқындалғанда, Зеленский Донбасстағы әскери жанжалды аяқтау үшін Ресеймен жұмыс істеу қажеттігін де атап өтті. Өзге бір мәлімдемесінде ол соғысқа нүкте қою мақсатында "Өте қуатты ақпараттық майдан ашатынын"  жариялады.

Сайлаудың ресми нәтижесі әлі шықпаса да, Владимир Зеленскийді АҚШ-тың Киевтегі елшілігі мен НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг жеңісімен құттықтап үлгерді. 41 жастағы "қалжыңбас" Украина телеарнасында президенттікке қол жеткізген мектеп мұғалімінің образын сомдау арқылы бүкіл елге танылып, халық сүйіспеншілігіне бөленді және параға жаны қас екенін насихаттап жүріп, саясат сахнасына көтерілді.

Зеленский саяси платформасының түсініксіздігі мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіздігі үшін талай сыналды. Бірақ  украиналықтар бүгінгі басшылықты орнынан кетіру үшін, бұл кемшіліктерге көз жұма қарап,  көндігіп, тележұлдызға дауыс берді.

"Мен ескі саясаткерлердің тұсында бойжеттім. Осы кезеңде бос уәделерді, өтірікті және коррупцияны ғана көрдім. Оларды өзгертетін кез келді", – деді 22 жастағы Людмила Потребко Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Миллиардер-магнат Петр Порошенко 2014 жылы президент тағына жайғаспас бұрын Украина сыртқы істер министрлігін басқарды. Ол бірқатар реформа жүргізгенімен, сыншылардың пікірінше, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға толық күш салмаған.

Сайлау науқаны кезінде Порошенко православтық шіркеуге тәуелсіздік әпергенін, украин тілінің мәртебесін көтергенін, Еуропа одағы елдерімен визасыз қатынас орнатқанын алға тартып, өзін Ресейге қарсы тұра алатын жалғыз президент ретінде насихаттады.

Кремль Петр Порошенконы жек көрсе де, Владимир Зеленскийдің жетістігіне соншалықты қуана қойған жоқ.

"Біз әзірге бұл жеңімпазға үміттеніп отырған жоқпыз", – деді Ресей мемлекеттік думасының сыртқы істер комитетінің төрағасы Константин Косачев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.

Петр Порошенко 2014 жылғы сайлау қарсаңында 42 млн халқы бар Украинаны Еуропа одағы мен НАТО-ға кіргізуге уәде берген. Биылғы науқанда да президент сол мақсатты ұран етіп көтерді. Владимир Зеленский де елді Батысқа бастауға сөз беріп отыр. Оның пікірінше, халық референдумда қарсылық білдірмеген жағдайда ғана, Украина Солтүстік атлантикалық одаққа өтуге тиіс.

Айта кететін тағы бір жайт, Петр Порошенко Еуропа одағымен визасыз қатынас туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін Украинадан миллиондаған тәжірибелі маман жақсы тұрмыс іздеп, Еуропа елдеріне ағылды. Алайда көптеген сарапшылардың ойынша, жалақының төмендігі мен коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттауы Петр Порошенконың сайлау алдындағы беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді.

Владимир Зеленскийге оралсақ, оған да күмән келтірушілер аз емес. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл үміткердің Ресейде компаниясы бар және де шоуменнің өз еркімен шетелге кеткен миллиардер-кәсіпкер Игорь Коломойскиймен іскерлік байланысы болуы мүмкін. Айта кетерлігі, дәл осы Коломойскийдің иелегіндегі телеарна Владимир Зеленскийдің "Халық малайы" деген ситкомы мен өзге де комедиялық шоуларына эфирден орын беріп отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу