Қираған нысандарды жөндеу үшін қаржы қайдан алынады?

4912

Биыл ақпанда өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында да бүлінген объектілерді қалпына келтіру мәселесі қаралады.   

Қираған нысандарды жөндеу үшін қаржы қайдан алынады?

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде қираған нысандарды жөндеу үшін қаржы қайдан алынатынын түсіндірді. Бұл туралы ол Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен министр шығын көлемі есептеліп жатқанын жеткізді.

"Бүгінде қанша шығын келгенін есептеп жатырмыз. Есепті жүргізіп болғасын шығындарды қандай көздерден, тетіктерден жабу жолдарын ойластырамыз. Мемлекет басшысы "Бюджетке қосымша табыс көздерін де табу керек" деп те тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау үшін кешенді жұмыс жүргізудеміз. Біріншіден, тау-кен металлургияға қатысты тапсырма бар. Онда алатын алашағымыз бар. Екіншіден, мұнай бағасы тұрақты болса, одан түсетін экспорттық кеден баж салығы бар. Үшіншіден, экономиканың жандануына байланысты алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Салада өсім болған жағдайда табыс көздерін көбірек жинауға тырысамыз", – деді Ерұлан Жамаубаев тікелей эфирде.

Мемлекеттік комиссия

Сондай-ақ ведомство басшысы қираған нысандарды жөндеу үшін қаржы қайдан алынатынына тоқталды.

"Мұнда қаржыны қайдан алу керегін жеке-жеке қарастыру керек. Себебі қираған ғимараттардың республикалық немесе жергілікті маңызы бар болуы мүмкін. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылған. Оны білесіздер. Бүгінде комиссия тиісті құжаттарды жинап жатыр. Техникалық бағалау жұмыстары жүргізілген соң біз қандай нысан қандай көзден қаржыландыру мәселесін шешеміз", – деді министр.

Президенттің шешімі 

Ол бұл мәселеге қатысты соңғы шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын атап өтті.

"Бюджет процесінің алгоритмі бар. Қазір бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігі жоқ. Себебі 2022-2024 жылдарға арналған бюджет бекітілген. Осындай лаңкестік жағдайды ешкім күткен жоқ. Сондықтан біз Президент тапсырмасын алғасын жедел түрде қаржыландырудың барлық көзін қарастырамыз", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар министр "Бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру үшін ұлттық қордан қаржы алына ма?" деген сұраққа жауап берді.

"Ұлттық қордан қаржы алу тетігі заңмен қарастырылған. Оны Үкімет немесе Қаржы министрлігі шеше алмайды. Ұлттық қорды басқару кеңесі бар. Бұл Президент қарауындағы мәселе", – деп ведомство басшысы жауабын қысқа қайырды.

Сөз соңында министр аталған мәселе биыл ақпанда өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қаралатынын атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу