Кирилл Кекер: "Нәтижеге көңіліміз толмайды"

1133

"Қайраттың" бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан Чемпионатының 7-туры аясында "Ордабасыға" (2:2) қарсы өткен ойынға қатысты пікір білдірді: 

Кирилл Кекер: "Нәтижеге көңіліміз толмайды"

– Есеп 2:2. Есепке көңіліміз толмады. Ойын туралы басқа ештеңе айта алмаймын.

– Устименкоға не болды?

– Ол жеңіл жарақат алып қалды. Тексеру жүргізіп, анықтаймыз. Ешкімнің аяқ-қолы тимеді, тек өзін нашар сезініп қалды.

– Галымжан Кенжебек Жоао Паулодан таңжайып нәрсе жасаудан сабақ ала ма? Оның ойыны оңтүстік америкалық стильге ұқсайды.

– Галымжан – Академия талантының бірі, мұны бәріміз білеміз. Дегенмен оған өз бетінше көп жұмыс істеу қажет. Әсіресе допқа қарсы фазада бапкерлер штабына ұнамайтын нәрселер бар. Оған ойын уақыты жетіспейді. Басқа да көптеген түрлі мәселелер бар. Ол кәсіби футболшы болуды үйреніп жүр. Бұл – күрделі әрі ұзақ процесс. Ол өз бетінше жұмыс істеу керектігінің маңызын түсінуі қажет.

– Ал Жоао Пауло аға ретінде оған көмектеспей ме?

– Біздің ұжымымыз жақсы, ойыншылармен түрлі бағытта жұмыс істейтін көптеген мамандар бар. Футбол – екі жақты. Егер адамның өзі қаласа, біз оған көмектесеміз. Біз өз тарапымыздан оның потенциалын жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Қалғаны – өз қолында.

– Бүгін Егор Ткаченко Ғафуржан Сүйімбаевқа қарсы өте сенімді ойнады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Егор – біз сенетін ойыншылардың бірі. Оның потенциалы бар. Бірақ алдында айтқанымдай ол чемпионатта шамамен 10-ақ матч өткізді, оның тек 5-еуі бастапқы құрамда. Оның тез арада Кайл Уокер сияқты ойнап кеткенін қалаймыз. Бірден олай болмайды, жас ойыншыларға біраз уақыт беруіміз керек. Олар әлі тұрақсыз, бірақ олармен көп сөйлесіп, ойындарын талдаймыз.

– "Ақжайықпен" өткен ойыннан кейін бес қорғаушы бар схеманы қажетті шара деп айттыңыз. Екі және үш орталық қорғаушысы бар командаларға қарсы ойында оның қалай болатынын көргіңіз келді. Бұл матчта сіз тағы да осы тактиканы қолдандыңыз. Сізге бұл схема ұнады деуге бола ма?

– Жоқ, мәселе ода емес. Қиын апта болды, осы 7 күнде "Астанамен", "Ақжайықпен", "Ордабасымен" ойнадық. Бұл ойынға дайындалуға да үлгермедік. Кеше бір-ақ жаттығу өткіздік. Ойыншылар үйреніп қалғаннан кейін, біз ештеңені өзгертпеуді жөн көрдік. "Артық қыламын деп тыртық қылдым" деген сөз бар. Қолымыздан келетін дүниені жасадық. Сосын Оралға баруымызға бір апта, "Тобылмен" ойнауға бір апта қалды. Әліптің артын бағайық.

– Ульянов "Қайрат-Жастарда" да, мұнда да өте жоғары ойнауға тырысады, жиі шығады. Сіз оның әрекеттерін қолдайсыз ба, әлде ескерту жасайсыз ба?

– Бұл қазіргі заманғы футболдың талабы. Нойер жоғары ойнағанда, оның неге жоғары ойнайтынын ешкім сұрамайды. Біз допсыз қалғанда алаңға 11 қорғаушы шығады, олардың біреуі қолымен ойнай алады. Доппен болған кезде, алаңда 11 шабуылшы болады. Кейбір сәттерде тәуекелге баратынымыз анық. Бірақ бұл біздің көзқарасымыз, стратегиямыз. 

– Артур Шушеначевтің алмасып шыққанына қандай баға берер едіңіз?

– Артур команда үшін де, жаттықтырушы ретінде мен үшін де маңызды ойыншы. Ойынының жазбасын, техникалық-тактикалық әрекеттерін және оның атқарған жұмысының көлемін көру керек. Жігіттерге ойын үшін алғыс айттым, бірақ нәтижеге көңіліміз толмайды. Үлкен жетістіктерге жетіп, болашаққа нық басқымыз келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу