"Қайраттың" бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан Чемпионатының кейінге қалдырылған 14-тур аясында "Қызылжарға" (3:0) қарсы өткен ойынға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы команданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Стадионға келіп, бізді қолдап жатқан жандарға көп рақмет. Олар онша көп болмаса да кез келген сәтте бізбен бірге болғандары үшін команда атынан және өз атымнан алғыс айтқым келеді. Бұл өте маңызды. Ойындарымызға көп келе берсе екен деймін. Ойынға келетін болсақ, мен ойыншыларға нұсқауды және біз ойлаған нәрсені орындағаны үшін рақметімді айтамын. Барлығы ойдағыдай болған жоқ, бірақ олардың бапкерлер штабы идеяларын жүзеге асыруға тырысықанын атап өткен жөн. Халықаралық үзілістен кейін ойнау әрқашан қиынға соғады. Біздің көп ойыншыларымыз жастар құрамасы сапында болса, 4 ойыншымыз ұлттық құрамаларында болды. Өкінішке қарай, олар бірде-бір минут ойнамады. Толық команда болып дайындалуға екі-ақ күн уақыт болды. Ойынға дұрыс дайындалу өте маңызды.
– Әли Әлиев "Қызылжардың" "Қайратты" көбіне өз айып алаңында отыруға мәжбүрлегенін айтты. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Бұл оның ойы, бірақ менің ойым сәл басқаша. Келесі аптада біз оның командасымен тағы бір жекпе-жек өткіземіз, оған дайындаламыз. Осы ойынды талдап, қорытынды жасауға бір-екі күніміз бар.
– Ойынның сапасына көңіліңіз тола ма?
– Жігіттермен биыл жақсы ойнасақ та әрдайым ұпай алмағанымыз туралы сөйлестік. Бізде әлі үйреніп жүрген, футболшы ретінде толық қалыптаспаған көп жас ойыншы бар. Бүгінгі ойында ең алдымен нәтиже маңызды болды. Таблодағы есепке көңілім толады. Ең бастысы, біз жеңіске жеттік.
– Ульяновты алаңға шығарудың себебі неде?
– Бұл ойынға бапкерлер штабы Вадимді таңдады. Мен үшін бұл проблема емес. Менің ойымша, біз дұрыс таңдау жасадық. Бұл қалыпты әрі дұрыс бәсекелестік. Біздің қарауымызда барлық ойыншы бар. Олардың көпшілігіне ойнауға мүмкіндік беру үшін құрамға үнемі өзгерістер енгіземіз. Оның үстіне Устименко маусымның 6-сы мен 20-сы аралығында бізбен бірге жаттыққан жоқ.
– Шушеначевке медициналық көмек көрсетіліп жатқанда, сіз планшетті алып, бірдеңені түсіндірдіңіз.
– Бұл алаңда болған жағдайға деген реакция. Ойыншыларымыз келіскендей ойнауы керек еді, бірақ ойынға байланысты олар басқаша ойнауға мәжбүр болды. Біз олардың бұл сәттерді алаңда қалай көретінін және оны сырттан қалай көретінімізді талқыладық. Біз олардан алаңда не болып жатқанына қарамастан, бейімделіп, келіскендей ойнауды сұрадық.
– Шабуылдаушы үшбұрышты алаңға шығармай, Швыревтің қосалқыда қалғанына Әли Әлиев таң қалды. Сіз бе бұлай ойластырған?
– Қарсыласты таң қалдыра алатынымыз жақсы. Жүзеге асырғымыз келетін бір жоспарымыз болды. Дима Сергеев, Адик Садыбеков, Антон Крачковский ойнаса жақсы болар еді деп ойладық. Екінші таймда Славаның көмегімен ойынды күшейткіміз келді. Оның алаңға шығуы әрқашан командамызға күш-қуат пен жігер беріп, ойынды қыздыра түседі.
– Баньяк пен Мәделхан жалдан қайтып келді. Жарақат алғаннан кейін Макидің жағдайы қандай?
– Қазір олар оқу-жаттығу жасап жатыр. Өткен аптада "Жетісумен" бақылау матчын өткіздік, оған екеуі де қатысты. Баньяк алғашқы минуттардан-ақ шықты, өйткені соңғы рет осылай ақпанда ғана көп уақыт ойнаған еді. Оның қандай жағдайда екенін білу маңызды болды. Байжан екінші таймда шықты, оны да көру маңызды болды, өйткені ол ойнаған "Муромның" ойын мәнері мен талаптары сәл басқаша еді. Екеуінің де бізге тез бейімделуі маңызды.
– Баньяк пен Мәделхан командада қала ма?
– Байжан Мәделхан қалады деп сенімді түрде айта аламын, өйткені ол біздің түлегіміз. Макидің осы жылдың соңына дейін келісімшарты бар. Трансфер терезесін күтейік, көреміз. Әзірге нақты айта алмаймын. Дегенмен, ол қалса, бізге сенімділік береді. Жақсы қасиеттері көп, шеберлігі бар ойыншы. Жағдайдың қалай болатынын көрейік.
– Жақында Васин маусымды "Қайратта" аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның болашағы туралы түсінік бар ма? Шушеначевке Нижний Новгород пен басқа да еуропалық клубтар қызығушылық танытып жатыр деген қауесет тарады.
– Барлық футболшылардың келісімшарты бар, олардың бәрі біздің команданың ойыншылары. Трансферлік терезеде не болатынын мен де, сіз де айта алмаймыз. Егер біз бас тарта алмайтын ұсыныс түссе, онда командамыздың кез келген ойыншысын жіберуге дайынбыз. Біз ойыншыларды дамытып қана қоймай, олардың шетелге шығуын қалайтынымызды үнемі айтып келеміз. Артур бізден де мықты чемпионатқа кетіп, біздің клубтың атын шығарса, бәріміз қатты қуанамыз, өйткені ол біздің түлегіміз.
– Жоао Паулоның азаматтық алуы және оның Қазақстан құрамасына шақырылуы туралы жаңалық бар ма?
– Жоао Пауло – Бразилия азаматы. Бұл сұрақ маған қатысты емес. Сізге айтайын, қазіргі уақытта процесс жүріп жатқан жоқ. Ол – легионер.
– Көптеген адам Жоао Паулоға тұрып қол шапалақтау керек деп санайды. Және ол сіздің командаңызды "сүйреп" келе жатыр деп есептейді.
– Бұл сіздің пікіріңіз, мен оның немен байланысты екенін білмеймін. Жоао Пауло Қазақстанда ойнап келе жатқанына бес жылдай болды және оның ең жақсы маусымы "Ордабасы" сапында болды. Ол 31 ойында 15 гол соққан. Мен келгенге дейін былтыр 12 ойында 2 гол соқты. Менің келуіммен біз тактиканы сәл өзгерттік, сөйтіп ол өткен маусымда 11 гол соқты. Ал қазір 13 ойында – 13 гол. Менің ойымша, біздің жаттығуларымыз Жоаоның күшті жақтарын және оның әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Оған қоса біздің командадағы барлық ойыншылар Жоаоның күшті қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Команда мен оның арасында белгілі бір химия бар. Симбиоздың бір түрі сияқты. 35 жасында футболшы бізде күшейіп келе жатқанын көріп отырсыз. Жетілуге шек жоқ!