Кіріс есептеудің күлкілі тәсілі әлеуметтік заңнаманың әлсіздігін көрсетті

Алматы облысында 40 мың көпбалалы отбасының 11 мыңы ғана атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

Кіріс есептеудің күлкілі тәсілі әлеуметтік заңнаманың әлсіздігін көрсетті

Көпбалалы аналар көтерген атаулы әлеуметтік көмек пен баспана мәселесі қазір  атқарушы биліктің ғана емес, тұтас қоғамның бас ауруына айналған сияқты. Анығында бұл жайындағы пікір екіге жарылып тұр. Бір қауым жұрттың көзқарасы әлеуметтік әлжуаз топтардың жағдайын мемлекет жасауы керек дегенге сайса, екінші тарап "әркім өз күнін өзі көріп, жағдайына қарай бала тууы керек" деген ұстанымда. Әрине мемлекет әлеуметтік мәселені шешуге мүдделі, оған барлық мүмкіндікті қолдануда. Бірақ билік үшін адамдардың жаппай патерналистік көңіл күйде болуы тиімді емес.

Осы жерде 1 сәуірден құжат қабылдау шарасы басталған атаулы әлеуметтік төлемге қатысты жұрт ішінде жағымсыз сөз көбейіп тұрғанын айтуымыз керек. Әлеуметтік қызмет пен әкімдік тарапы көмекке мұқтаж немесе жәрдем алуға ниетті көпбалалы отбасының табысын есептеу кезінде сауын сиыр мен тауық санын түгендеп, тіпті жеміс ағашын да өнім беретін кіріс көзіне жатқызуы көпбалалы аналардың ашу-ызасын туғызып отыр. Ең қызығы, отбасы мүшелерінің атына рәсімделген несие мен мүгедек балаға берілетін арнайы жәрдемақы да әулеттің табысы болып есепке алынуын ешкім түсіндіріп бере алған жоқ. Жалпы, бұл жердегі жауапсыз сұрақтар әлеуметтік қамту туралы заңнаманың әлсіздігін көрсетті. Демек атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Алайда үкімет те, заң шығарушы орган да жүйені қайта қарауға бейіл емес екенін байқатты. Есесіне, көпбалалы отбасылардың табыс мөлшеріне қатысты шектеулер нағыз көмекке мұқтаж әулеттердің жәрдемақы алуына кедергі болып отыр.

Мәселен, Алматы облысы Көксу ауданының Балпық би ауылында тұратын көпбалалы ана Алтын Абирова 5 баласы үшін ешқандай жәрдемақы алмайтынын айтады. Өйткені Алтын жұбайымен бірлесіп шағын кәсіппен айналысады. Аудан орталығынан дүңгіршекті жалға алып, нан өнімдерін пісіріп сатумен айналысатын отбасының табысы үкімет белгілеген мөлшерден асып кетеді екен. Себебі сауда-саттықпен айналысу үшін Алтын аудандық салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр. Бұл - заң талабы және орынды ереже. Бірақ патенттік жүйемен жұмыс істейтін шағын кәсіпкердің айлық табысы 300 мың теңгеден кем болмауы керек деген талап бар. Яғни жеке кәсіпкердің фискалды табысы ай сайын осы сомадан кем болмауға тиіс. Бірақ  жеке кәсіпкер үнемі мұндай көлемдегі таза табыс болмайтынын айтады.

"Қазір сауда жоқ. Бәсекелестік те күшті. Ұн қымбат, май қымбат. Ауылдық жер болғасын дайын өнім бағасы төмендетіп ұстаймыз. Үнемі пайда тауып отырғанымыз жоқ. Кейінгі кезде шыққан шығын өзін ақтағанға қуанатын болдық. Ай сайынғы салық, жерді жалға алу ақысы тағы бар. Ал 5 балама атаулы әлеуметтік көмек алудың жайын біліп ем, біздің табысымыз асып кетеді екен...", – дейді Алтын Абирова.

Алтынның басындағы жағдай Алматы облысындағы 40 мың отбасына ортақ деуге болады. Қазір аймақтағы көпбалалы әулеттердің саны осынша шамада екен. Мұның ішінде 11 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Осы жерде көпбалалы әулеттердің арқасында елдегі демографиялық ахуал оң бағытта көрініс беріп отырғанын да айтуымыз керек. Мысалы қазір Жетісу өңірін 2 миллионға жуық адам мекендейтін болса, оның ішіндегі 165 мың бала көпбалалы отбасында туып, өскендер.

Айтпақшы жергілікті әкімдік пен әлеуметтік қорғау басқармаларының атаулы әлеуметтік көмекке қатысты ұстанымынан ығыр болған жұрт енді "Nur Otan" партиясынан көмек сұрап жатқанға ұқсайды. Партияның Алматы облысындағы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде осы тақырыпқа қатысты 376 өтініш тіркеліпті.

"Әлеуметтік қорғау бағытында сұрақ көп. Біз қолдан келгенше түсіндіру жұмысымен қатар нақты мәселені шешуге күш салудамыз. Оның ішінде "Бақытты отбасы"  жобасы аясында Алматы облысындағы әлеуметтік жол картасының шарапатын әрбір мұқтаж жанның көргеніне жауаптымыз. Биыл жылы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Ал әлеуметтік жол картасы бойынша қосымша тағы 3,4 млрд теңге қаражат қарастырылды", – дейді "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу