Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұрғын үйді ипотекаға алғысы келетін қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы жеке инвестиция, қаржы саласы бойынша қазақстандықтарға кеңес беру өте қиын. Ұлттық банк төрағасы ретінде бұл дегеніміз мен үшін ыңғайсыз, дұрыс емес сияқты. Сондықтан, жалпы экономист, қаржыгер ретінде айтқанда, жоғары базалық, нарықтық мөлшерлеме аясында осындай несие, ипотека алуда кішкене күту керек. Инфляция төмендеген сайын базалық мөлшерлеме төмендейді. Онымен бірге нарықтық ставкалар да төмендейді. Одан кейін ипотека қолжетімді болады", – деді Тимур Сүлейменов.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, сонда ғана болашаққа сеніммен қарап ипотеканы рәсімдеуге болады.
"Кішкене күту керек. Инфляция, ставкалар төмендесін", – деді ол.
Тілшілер "Базалық мөлшерлеме 18 пайыз болған шақта екінші деңгейлі банктер ипотеканы бермеу туралы шешім қабылдауы мүмкін бе? Былтыр тура осындай жағдай болған" деп нақтылады.
"Қазіргі таңда (ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме) 25%. Ипотека беру жалғасып жатыр. 20% бола ма, 25% немесе 22,5% бола ма – ол әлі бізге де белгісіз. Өйткені агенттікпен бірге осындай әдіснама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір комментарий бере алмаймын", – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырғанын жазған болатынбыз.