Әлемнің жетекші сарапшылары Ақырет күнінің таяп қалғанын көрсететін символикалық сағаттың тілін түнгі 12-ге дейін мейлінше жақын күйінде қалдырды. Себебі, адамзатқа төнген қауіпке алаңдаушылық өте жоғары деңгейде сақталып отыр.
Чикаго университеті журналының "Атомшы-ғалымдар бюллетені" жобасының мүшелері - солардың ішінде Нобель сыйлығының 18 лауреаты бар – бұл сағаттың тілін былтырғы жағдайынан өзгертпеу туралы шешімді сәрсенбі күні қабылдады. Қазір 12-ге дейін 100 секунд бар. 2020 жылғы көрсеткіш те осындай болды. Ақырет сағаты 1947 жылы ойлап табылғаннан бері оның тілі Қиямет күніне мұнша жақындамаған екен. Ал, 1991 жылы "Қырғи-қабақ" соғыс аяқталғанда, ол түнгі 12-ден 17 минутқа ұзақтап, ақыр заман басталатын уақытты мейлінше алшақтатты.
Айта кетсек, әйгілі физик Альберт Эйнштейн бұл бюллетенді Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында АҚШ-тың адамзат тарихында алғаш рет атом бомбасын тастауына жауап ретінде құрды.
Сарапшылардың ойынша, бүгінде адамзатқа төнген қауіп бұрынғыдан да күшті. Қазір ядролық және экологиялық қатерге COVID-19 пандемиясын еңсерудегі сәтсіздктер де қосылып отыр.
"Атомшы-ғалымдар бюллетені" жобасының президенті әрі басқарма төрағасы Рачель Бронсонның пікірінше, COVID-19 дағдарысы да - азамзаттың апокалиптикалық апатпен күреске дайындығының нашар екенінің көрінісі.
"Ақырет сағатының тілі түнгі 12-ге 100 секунд қалғанын көрсетіп тұр. Өлімге жетелеп, үрейлендіретін COVID-19 пандемиясы тарихи "оятушы" қызметін атқарады. Және де ол - ұлттық үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың ядролық қарулар мен климаттың өзгеруінен өркениетке төнген қатерлерді еңсеруге дайын еместігін айқын аңғартып берді", - дейді Бронсон Newsweek журналына берген сұқбатында.
Калифорнияның бұрынғы губернаторы Джерри Браун "Атомшы ғалымдар бюллетенінің" атқарушы төрағасы қызметін атқарады. Ол жақында әлемдегі ең ірі екі ядролық держава - Ресей мен АҚШ-ты, сонымен қатар Қытайды қарқынмен өсіп келе жатқан әскери-экономикалық держава деп атап, оларды халықаралық проблемалармен күрес шараларын қабылдау жауапкершілігін өз мойындарына алуға шақырды.
"АҚШ пен Ресей және әлемдегі өзге де ядролық державалар бір-бірімен айқайласуды доғаруы керек. Ядролық қаруды көбейтетін емес, жоятын уақыт жетті. Сонымен қатар, климаттың өзгеруіне байланысты, АҚШ, Қытай және басқа да ірі мемлекеттер өлімге әкелетін көміртегін таратуды азайту мәселесіне байыпты қарағандары жөн. Түн ортасына 100 секунд қалды. Оян!", - дейді Браун.
Аталған Бюллетеннің Ғылым және Қауіпсіздік бөлімінің басшысы, Чикаго университетінің астрофизигі Роберт Роснердің пікірінше, адамзатқа төнген қауіптің ұлғаюында АҚШ негізгі рөл ойнады.
Айта кетсек, бұрынғы президент Дональд Трамп Құрама Штаттарды Париж климаттық келісімінен, Орта қашықтыққа арналған ядролық күштер туралы пәтуадан шығарып, Жаңа Стратегиялық Қаруларды Қысқарту Келісімін ұзарта алмады.
Көптеген бақылаушылардың болжамынша, президент Джо Байден әкімшілігінің тұсында АҚШ халықаралық қауіпсіздікке жағымды үлес қосуы мүмкін. Ақ үйдің жаңа қожайыны қызметіне кіріскеннен кейін жеті күн өткенде, Вашингтон Париж климаттық келісіміне оралып, Жаңа Стратегиялық Қаруларды Қысқарту Келісімінің мерзімін ұзартуға ниет танытып отыр.
Арыс Әділбекұлы