Қиянат көрген "Қайрат"

2802

Алматының "Қайраты" Еуропа лигасы жарысынан шығып қалды.

Қиянат көрген "Қайрат"

Еуропа лигасының 3-іріктеу кезеңінде "Қайрат" Израильдің "Хапоэль" командасымен 1:1 тең түсіп, жарыстан шығып қалды. Себебі  алғашқы матчта қарсылас команда 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Алматыдағы ойында "Қайрат" футболшылары үлкен күшпен шабуылдап, қарсыласты әбден тықсырды.

Матчтың бірінші таймы аяқталар тұста бұрыштама добын көтерген қазақстандық футболшылар есеп ашты. Гол авторы қорғаушы – Раде Дугалич. Ірі денелі қорғаушы өткен матчтың антиқаһарманы атанған еді.

Ал матчтың 55-минутында қатарынан екі сары қағаз алған Елдос Ахметов алаңнан қуылып кетті. Үнемі сары қағаз алып, өрескел ойын тәртібін бұза беретін Елдостың бұл арада екінші сары қағазды алуы кезінде төрешінің қателік жібергені байқалды. Осы арада Сергей Политевич Елдосты екінші сары қағазды алмас бұрын алмастырып жібергісі келген екен. Ол жайында Алексей Шпилевский баспасөз мәслихатында айтты. Қорғаушыны алмастырып үлгермей қалған бапкер опық жеп қалғанын мойындады.

Ал одан кейін таймның бел ортасында сербиялық қорғаушы Раде Дуагалич өз қақпасына байқамай гол соғып алды. Бұл гол соғылған сәтте қапталдағы лайнсмен жалаушасын көтеріп, офсайд белгілеген. Алайда бас төреші доптың Раде Дугаличтің аяғына тиіп барып кіргенін байқап қойған екен. Жанкүйерлер бұл жағдайға наразы болғанымен, негізі доптың Дугаличтің аяғына тигені рас еді.

Іс насырға шауып, "Қайрат" ойыншыларының салысы суға кетті. Себебі келесі кезеңге өту үшін алматылық командаға әлі тағы да 3 гол соғу қажет еді. Ойынның мәнісі кетіп, төреші әрбір қит еткен жағдайда ысқырық шалып, ойынның берекесін кетірді. Айбол Әбікен, Исламбек Қуат, Ғафұржан Сүйімбаевтар эмоцияға ерік беріп, төрешімен қайта-қайта салғыласа берді. Соның салдарынан алаңнан Ғафұржан қуылып, кейіннен осы оқиғаға қатты наразы болған екінші қақпашы Владимир Плотников те қызыл қағаз алды. Матчқа келген 23 мың жанкүйер "Қайраттың" төреші тарапынан қиянат көргенін айтысып қайтты.

Ойыннан соң баспасөз мәслихатында "Қайрат" бас бапкері Алексей Шпилевский төрешілік тарапына астарлап сын айтты.

"Қазақстанның командаларын Еуропа футбол одағы аса қатты ұната бермейтін секілді. Кейде төрешілік, кейде өзге адамдардың кесірі тиіп жатады. Бүгін бірінші болып гол салып, қарсыласты әбден тықсырдық. Екінші таймның басында бірден басымдылықты алып едік, қарсылас бір орында тұрды да қалды. Екінші, үшінші тіпті төртінші голды саламыз деп ойладым. Оған сенімді болдым. Ірі денелі Эппельдің баспен голды керемет салатынын біліп, шабуылымыз шаршағанда шығарамын деп отырдым. Алайда 10 адаммен қалып, жоспарлағанымызды жүзеге асыра алмадық", –деді бас бапкер.

Баспасөз мәслихатынан шығып бара жатып, Орталық стадионның тасасында қақпашы Құралбек Ордабаевты кездестіріп қалдық. Даңқты қақпашы да төрешінің қателігін көп байқағанын айтты.

"Төрешілердің біраз қателігі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Астана" - "ХИК" матчында да Израиль елінің төрешісі біздің командаға қарсы жұмыс істеді. Израиль командалары бұрыннан бері төрешілермен жақсы "жұмыс істейтінін" білеміз. Сосын УЕФА-дағылар Қазақстан алыс деп, біздің елдің командаларын топтық кезеңге шығармауға тырысады. Оның үстіне телевизиялық көрсетілімнің де сапасы біздің елде нашар болады. Олар негізгі табысты содан алады",– деді Құралбек Досжанұлы.

Еуропа лигасында өнер көрсеткен "Қайратпен" бірге "Ордабасы" да жарыстан шығып қалды. Еліміздің намысын қорғап тағы да жалғыз "Астана" қалып отыр. Елордалықтар үшінші кезеңде Мальта елінің "Валетта" командасымен кездеседі.  

"Қайрат" - "Хапоэль Беэр-Шева" (Израиль) - 1:1 (жалпы есеп- 1:3)

Голдар: Раде Дугалич 40 - Раде Дугалич- 63 (автогол)

Ескертулер: Раде Дугалич 31, Елдос Ахметов 32, Исламбек Қуат 36, Айбол Әбікен 42, Ғафуржан Сүйімбаев 66, Мартон Эппель 87, Исламбек Қуат 90+3 - Маруан Кабха 45+2

Алаңнан қуылғандар: Елдос Ахметов 55 (2 сары қағаз), Владимир Плотников 87 (қосалқы құрамнан), Ғафуржан Сүйімбаев 90+5

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу