Қияр мен қызанақты əлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізу ұсынылды

2469

Қазір бұл тізімде барлығы 19 тауар түрі бар.  

Қияр мен қызанақты əлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізу ұсынылды

Бұған дейін Павлодар облысындағы сауда сөрелерінде қиярдың келісінің бағасы 2400 теңгеге дейін жеткенін жазған едік. Бұл мəселе тұтынушылар тарапынан наразылық тудырғандықтан, жергілікті билік аталмыш көкөніс түрінің бағасын реттеу ісін қолға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодарда жыл сайын қыс кезінде қияр бағасы шарықтап шыға келеді. Желтоқсан айында 650-900 теңгеге сатылған бұл өнімнің қазіргі бағасы 2400 теңгеге дейін жетеді. Бұған облыс əкімі Əбілқайыр Сқақов та базарларды аралау кезінде көз жеткізді.

"Керуен" сауда орнына барғанымда қиярдың бағасы екі есеге қымбаттағанын байқадым. Сатушылардың сөзінше, бұл өнім оңтүстіктен жеткізіледі. Өз өңірімізде қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай бола тұра, бағасы шарықтап тұрған оңтүстік көкөністерін саудалау – қисынға келмейтін дүние. Бұл жауапты органдардың өндірушілер мен сауда орындары арасындағы байланысын орната алмай отырғанын көрсетеді. Аз уақыт аралығында аймақтағы дүкендердің жергілікті жылыжайлардан алатын қияр мен қызанақ көлемін бірнеше есеге арттыруды тапсырамын. Өзіміздің өнім бар болған тұста басқа облыстардан жеткізілетін көкөністерді ығыстыру керек", - деді Əбілқайыр Сқақов.

Белгілі болғандай, облыс орталығында тарату нүктесі ретінде жұмыс істейтін "Рахмет" базарына жеткізілетін қиярдың көлемі тым аз. Оған қоса, жеткізу қызметінің ақысын кəсіпкерлердің өзі қалталарынан төлейді.

"Тұтынушылардың сұранысын қамту үшін апта сайын 5 тонна өнім жеткізілуі тиіс. Бірақ бір апта аралығында оның небары 1 тоннасы келеді. Жылыжайлардан қиярдың келісін 810 теңгеге сатып алып, оны базардағы көтерме сауда дүңгіршек иелеріне 880 теңгеден беремін. Өз кезегінде олар дүкендерге келісін 950 теңгеден босатады. Ал сауда сөрелеріне қандай бағамен қоятынын сатушының өзі біледі. Себебі бұл өнімнің бағасы реттелмейді", - дейді кəсіпкер Бағдат Ерғабұлов.

Сондықтан облыстық кəсіпкерлік жəне индустриялық-инновациялық даму басқармасы қияр мен қызанақты əлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне қосуды ұсынып отыр. Сол кезде бағаны бақылау құзіреттілігі беріледі. Ал оған дейін жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдегі жылыжайлармен өзара келісімшарт жасады. Соған сəйкес, босату бағасы нақты белгіленді. Ақсу, Павлодар жылыжай комбинаттары, "Qaztomat" ЖШС ірі сауда желілеріне қиярдың келісін 750 теңгеден босатуға міндеттелді. Сауда сөрелеріндегі бағасы 995 теңгеден аспауы тиіс. Қызанақтың келісі 550 теңгеден жеткізіліп, ары кеткенде 765 теңгеден сатылуы керек. Тұтынушылар жылыжайлар мен сауда желілері бұл талапты қатаң сақтап, дүкендерді сапалы өніммен мол көлемде қамтиды деген сенім білдіріп отыр.

Ажар Дəулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу