Қияр өсіретін жылыжай күніне 5 тоннаға дейін өнім беруде

16768

Жоба жетекшілері жылына мың тоннаға дейін қияр өсіруді межелеп отыр.

Қияр өсіретін жылыжай күніне 5 тоннаға дейін өнім беруде

Соңғы уақыттарда Қызылорданың сауда орындарында қияр бағасы арзандап келеді. Қыс пен көктемде таңсыққа айналатын көкөніс супермаркеттерде келісі 1000 теңгеден жоғары саудаланатыны да рас. Ал бүгінде келісі 500-350 теңге аралығына дейін түсті. Бағаның тұрақталуына қалаға қарасты Махамбетов ауылындағы қияр өсіретін жылыжайдың іске қосылуы айрықша септігін тигізіп отыр. Жергілікті халық үшін игілігі мол агрожоба испан технологиясымен салынған.

Алып жылыжай кешенінің аумағы 2 гектарды құрайды. Қысы-жазы 22 градус жылы температура сақталады. Жылыжайда ТМД елдеріне кең тараған қиярдың мономах тұқымы егіледі. Шығымдылығы – өте жоғары. Тұқым себілгеннен кейін, 45 күнде алғашқы өнімін береді.

Жабық кешен тамшылатып суару әдісімен автоматтандырылған жүйеге қосылған. Ерте көктемде отырғызылған көшеттер бүгінде жемісін беріп жатыр. Жылыжайдан күніне 4-5 тонна өнім жиналып, қаланың сауда орындарына жіберілуде. Жалпы жоба жетекшілері жылына мың тоннаға дейін қияр өсіруді межелеп отыр.

"Шығып жатқан өнімімізді төмен бағамен өткізіп жатырмыз. Клиенттерге жеткізу қызметі де қосылған. Тек қана Қызылорда қаласына емес, қалаға жақын елдімекендерге де таратудамыз. Ендігі меже жылына миллион келі өнім жинау", – дейді "Қазагромир" жылыжайының директоры Ғани Алматов.

Жаңа агрожоба ауылдың әлеуетін көтеруге де үлесін қосуда. Қазір Махамбетов елдімекенінің 30-ға жуық тұрғыны жылыжайда тұрақты еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Қарақас Жақыпова. Бұрын-соңды бау-бақша баптамаса да, қазір қияр өсірудің қыр-сырын меңгеріп алған. Ол көппен бірге күнделікті көшеттерді күтіп-баптауға көмектеседі.

"Бір күн тереміз, бір күн баптап қараймыз. Жұмыс үйімізге де жақын. Ашылғанына өте қуаныштымыз. Қаншама жұмыссыз жүрген аадамдар нәпақасын тауып жатыр. Қазірде 30 адам жұмыс істейміз", – дейді Қарақас.

Жылыжай мамыр айынан бастап толық қуаттылығына көшіп, күніне 10 тоннаға дейін өнім алмақшы. Яғни, күннен-күнге шарықтаған базар бағамында қиярдың құны енді түспесе, көтерілмейтіні анық.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер Марат Құтышев та үйінің ауласынан 600 шаршы метрді құрайтын жылыжай салып, қияр өнімімен қала халқын қамтамасыз етуде.

Ол жылыжайға қажетті жабдықтарды Оңтүстік Корея елінен тапсырыс арқылы алдырып, жыл басында ғана іске қосыпты.

Шағын жылыжайдың қуаттылығы күніне 200-250 килограмды құрайды. Қолжетімді бағасымен қуантып отырған кәсіпкер жылыжайдың арқасында отбасы мүшелерін де жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы Қызылорда облысында жылыжай шаруашылығы Шиелі ауданында қарқынды дамып келеді.

Жуырда ғана Шиелі кентінің шығыс бөлігінде 2 гектар жерге 20 жылыжай салынып, 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Жоғары технологиялы жылыжай шаруашылығы облыс халқын қыс мезгілінде арзан бағада көкөніспен қамтымақ. Жылдық өнім 600 тонна деп жоспарланса, жалпы түсім 150 млн теңгені құрайды деп болжануда.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу