КҚК теңіз терминалы маңындағы танкерлерге дронмен шабуыл жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 30 шілдеде Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де тіркелді.
"Маршалл аралдарының туы астында жүзетін "NIFFOS SIFNOS" танкеріне террорлық шабуыл жасалды. Кеме "Теңізшевройл" ЖШС-нің (Chevron компаниясы) мұнайын тиеу үшін Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) ВПУ-3 қашықтағы тиеу құрылғысында тұрған.
Шабуыл барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдау құрылғылары орналасқан аймаққа соққы жасаған. Соның салдарынан өрт шыққан", – деп хабарлады Каспий Құбыр Консорциумының баспасөз қызметі.
Өрт танкер экипажы мен КҚК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірілді.
"Оқиға салдарынан КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың мамандары арасында зардап шеккендер жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілген жоқ. Танкер экипажына медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау қажеттілігі туындамаған. Кеме жүзу қабілетін сақтап қалған, қазір келтірілген залалдың көлемі бағаланып жатыр. Мұнай тиеу уақытша тоқтатылды, алайда мұнай құбырының қалған нысандары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Мэн аралының туы астында жүзетін "MARATHI" танкеріне де шабуыл жасалғаны айтылды. Бұл кеме КҚК терминалына мұнай тиеу үшін бағыт алған болатын.