Кляйнхайслер қайсарлық танытқан күн

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2584

"Астана" Чемпиондар лигасының екінші кезеңіндегі бірінші кездесуінде Данияның "Мидтьюлланд" клубын жеңді.

Кляйнхайслер қайсарлық танытқан күн

UEFA Чемпиондар лигасының екінші кезеңінің бірінші ойындары басталып, "Астана" өз алаңында Данияның чемпионын қабылдаған. Шектен тыс тартысты ойын 2:1 есебімен аяқталды. Қазақстан чемпионы екінші голын 94-ші минутта, яғни ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар түгесілуге жақындағанда соғып, жеңісті соңғы секундта жұлып алды.

Бұл жеңіс "Астанаға" оңайшылықпен келмеді. Соңғы секундқа дейін жанкүйерлерін де, бапкерлерін де әбден қобалжытты. Оның да өзіндік себебі бар. Биыл жазда ел чемпионы құрамын біршама өзгерткен. Әуелі бас бапкерін ауыстырды. Бұған дейін жазғанымыздай, команда тізгінін Украина маманы Роман Григорчук ұстаған.

Жаңа бапкер бекітілген соң, елорда клубы құрамын да екшей бастады. Команда сапына Антонио Рукавина (Сербия), Ричард Алмейда (Әзербайжан), Педро Энрике (Бразилия), Рангело Янга (Кюрасао) сынды футболшылар алынды. Қызық болғанда, биыл қыста өздері Сауд Арабиясына сатып жіберген Джуниор Кабананганы (Конго ДР) қайтып алды. Бірақ жалға алыпты.

Құрамына бірнеше легионер алған "Астана" оларға "орын босатуды" да ұмытқан жоқ. Бұлай дейтін себебіміз Қазақстан чемпионатында легионерлер санына шектеу қойылған (негізі, сегіз легионер болуы керек, бірақ қомақты қаржы төлеп тағы екеуін қосуға болады). Сөйтіп Игорь Шитов (Беларусь), Марко Станоевич (Сербия), Джордже Деспотович (Сербия) сынды шетелдік ойыншыларымен қоштасты. Сонымен қатар Патрик Твумаси де қалмайтын секілді.

Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, "Астана" құрамына бес ойыншы алды. Алайда "Мидтьюлланд" клубымен өткен ойында олардың екеуі ғана негізгі құрамда алаңға шықты. Қалған екеуі ойынға екінші таймның аяғында ауысып қосылды. Ал Кабананга тіпті хаттамаға тіркелмеді. Бас бапкердің айтуынша, спорттық бабына әлі келмеген көрінеді.

Сонымен не керек, "Астана" мен "Мидтьюлланд" ойынды аса жоғары қарқында бастады. Әйтсе де алаң иелері ширақ қимылдады. Қонақтарын тықсырып, үсті-үстіне шабуылдай бастады. 31-ші минутта мадияр жігіті Ласло Кляйнхайслер алаңның бел ортасымен атойлап алға шауып, допты алыстан шірене тепті. Гол! Дат клубының қорғаушылары "кімге пас берер екен" деп, қалбалақтап жүріп, сан соғып қалды. Ышқына атылған қақпашысы да допқа жете алмады.

Бірінші тайм осымен аяқталған. Матчтың екінші бөлігінде қонақтар көсіле сілтеді. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.Тіпті 51-ші минутта таразы басын теңестіріп кетті. Густав Викхейм де алыстан қақпаны дәл көздей алатынын паш етіп, алаң иелерін сең соққандай күйге түсірді. Гол! Дания чемпионы бұдан кейін де айылын жимай, "Астананың" қақпасын торумен болды.

Матч соңына қарай қонақтар осы есепті уыстарынан шығармауды ойлап, тек қорғануға көшті. Ал "Астана" тайлы-тұяғымен лап қойып, қонақтарын қыспаққа ала түсті. Бәрі жанұшыра қимылдап, қалай да гол соғуды ойлады. "Мидтьюлланд" футболшылары болса, таблоға жалтақтап, тек уақыт өткізуге тырысты.

Ақыры "Астана" мақсатына жетті. Тағы да Ласло Кляйнхайслер қайсарлық және шеберлік танытты. Жауапкершілік жүгін өз мойнына алудан қымсынбай, қызыл ала допты алыстан қақырата тепті. Әрі доғаша иіп, қақпаның алыстау бағанасын дәл көздеді. Зеңбіректің оғындай зулаған доп қақпа бағанынан кері ұшып, тор ішінен бірақ шықты. Гол!

"Астана-Арена" стадионы теңселіп кетті. Қиқу салған жанкүйерлерде ес қалмады. Қазақ елі чемпионының барлық ойыншылары Ласлоға тұра ұмтылды. Бапкерлер де аспанға секіріп, мәре-сәре болды. Дат клубының ойыншылары "матчты осынша созғаныңыз қалай" дегендей, төрешіге өкпе-наздарын "төгіп" жатыр.

Сонымен "Астана" UEFA Чемпиондар лигасының екінші кезепңіндегі бірінші ойында жеңіске жетті. Қарымта матч 1-ші тамыз күні Данияның Хернинг қаласында өтеді. Әрине өз алаңымызда бір гол жіберіп алғанымыз жақсы емес. Әйтсе де Еурокубок додаларында тәжірибе жинақтап, біршама ысылған чемпионымыз түзде екі доп айырмасымен ұтылмайды, ең бастысы, өздері де гол соғады деп сенеміз...

"Астана" (Қазақстан) – "Мидтьюлланд" (Дания) – 2:1 (1:0) 
Голдар: Кляйнхайслер, 31 (1:0). Викхейм, 51 (1:1). Кляйнхайслер, 90+4 (2:1).
Ескертулер: Алмейда, 81 – Санне, 19. Поульсен, 70.
"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Энрике (Янга, 85), Томасов, Мұжықов (Алмейда, 76), Муртазаев (Щеткин, 46).
"Мидтьюлланд": Й.Хансен, Хенде, Святченко, Санне, К.Хансен (Корчмар, 77), Мунксгор, Справ, Я.Поульсен, , Викхейм (Джордж, 85), Окосун (Огочукву, 68), Онуачу.
Төрешілер: Раду Петреску, Гингуляк, Григориу (бәрі де – Румыния).
Астана. "Астана Арена". 23 000 көрермен

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 23 – 8
Тура соққы: 6 – 2
Қиыс кеткені: 14 – 5
Тойтарылғаны: 3 – 1
Бұрыштама соққылар: 4 – 2
Офсайдтар: 7 – 2
Ескерту (сары қағаз): 1 – 2
Ереже бұзу: 9 – 15

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу