ҚМДБ: Қарызданып-қауғаланып құрбан шалуға болмайды

Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков бұл туралы Jibek Joly телеарнасының "Бүгін.LIVE" бағдарламасында айтқан.

ҚМДБ: Қарызданып-қауғаланып құрбан шалуға болмайды Фото: el.kz

Ол Құрбан айт пен Арапа күнінің мәні және құрбандық шалу тәртібі жайлы да түсіндіріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаза кеткен жөн, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) күнтізбесіне сай, 2026 жылы Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Мерекенің алғашқы күні, яғни 27 мамыр – ресми демалыс. 

– Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күндердің ішіндегі ең жақсысы Арапа күні екенін айтқан. Бұл күні ұсталған ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Халқымыз ықылым заманнан бері Арапа күні үйінде иіс шығарып, шелпек пісіріп, ұлық мерекеге ерекше дайындалған, – дейді Смайыл Сейітбеков 

Бұған дейін "Арапа күні қандай ізгі амал жасаған дұрыс?" деген тақырыпта материал жариялаған едік.

Бас мүфти кеңесшісінің сөзінше, құрбан шалу – тек материалдық мүмкіндігі бар адамдарға ғана жүктелетін міндет. Шариғат бойынша, меншігінде 40 қойы, 30 сиыры, 5 түйесі бар немесе 85 грамм алтынға тең келетін бос қаражаты бар мұсылман құрбандық шалуға міндетті саналады. 

– Құрбандық шалуға жағдайы бар-жоғына қарамастан бәріне бірдей міндет деген қате ойдан арылуымыз керек. Қарызданып, қысылып-қымтырылып құрбан шалуға болмайды. Егер мүмкіндік болмаса, ол адамға ешқандай кінә артпайды. Ондай жандар айт намазына барып, қол жайып дұға жасап, айттаса да жеткілікті, – деп түсіндірді дінтанушы.

Пандемиядан бері ҚМДБ тарапынан іске қосылған qurban2026.kz жүйесі биыл да белсенді жұмыс істемек. Бұл қызмет – жұмысбасты, іссапарда жүретін немесе денсаулығына байланысты мал базарға бара алмайтындарға үлкен жеңілдік.

Смайыл Сейітбеков бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биылғы Құрбан айт мерекесін "Татуласу күні" ретінде өткізу ұсынысын айтты. 

– Айт – бұл өкпе-назды ұмытып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қайта табысатын, бір-бірімізді кешіретін ұлық сәт. Бабаларымыз айттап барып, көңіл сұрау, ел-жұртты шайға шақыру дәстүрін текке қалыптастырмаған. Сондықтан, бұл күндері мейірімділік танытып, ізгі амалдарды көбейтуге тырысайық, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу