ҚМГ өкілі атыраулықтардан кешірім сұрады

11207

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақауға жол бергендер жауапқа тартылмақ. 

ҚМГ өкілі атыраулықтардан кешірім сұрады

Атыраудағы ағынды суға  зауыттан шыққан қалдық мұнай қосылып ағып кеткен оқиғадан кейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Данияр Тиесов Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы барды.

Соған байланысты өткен жиында биологиялық тазарту құрылыстарында орын алған оқиғаның жай-жапсары сөз болды. Белгілі болғандай, қазіргі күні мұнай өнім қалдығының нормадан тыс рұқсат етілген жоғары мөлшері нақтыланбаған. Бұдан бөлек, оқиға себептері мен жүргізілген тексерудің нәтижелері ескеріліп, табиғатты қорғау бойынша іс-шаралар жоспары қайта пысықталды. Оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның тексеру нәтижелері бойынша АМӨЗ-дің жауапты тұлғалары жазаға тартылатын болды.

"Қала үшін күрделі оқиға орын алды. Оған зауыт жауапты. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. ҚМГ басшылығы жағдайды жіті бақылауында ұстап отыр. Біз зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргіздік, бірақ, өкінішке қарай, қызметкерлеріміздің сана-сезімі, соның ішінде өндірістік циклдер үшін жеке жауапкершілігі жағында кемшіліктер бар. Бұл қызметкерлер де осы қаланың тұрғындары, олардың жұмысының нәтижесі бүкіл Атырау халқының аман-саулығына тікелей әсер етеді. Зауыт аса қысқа мерзім ішінде жағдайды түзетіп, алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдауға тиіс", – деп нақтылап өтті Д.Тиесов.

АМӨЗ баспасөз қызметі түсіндіргендей, 2020 жылдың 1 қарашасында сағат 16.00-де электр қуатын беру жұмыстарының ақауы салдарынан ағынды суды биологиялық тазарту блогы тұндырғышының шламды рециркуляциялау сорғысы тоқтап қалған. Содан тұндырғыштың құм сүзгісіне шығуы орнында қалқыма және органикалық заттар (биошлам) шығарындылары шамадан асады. Бұл кезде құм сүзгісі блогында жөндеу жұмыстары жүріп, аталған блок технологиялық схемадан уақытша ажыратылған еді. Соның салдарынан биологиялық тазарту құрылғыларынан құрамында қалқыма және органикалық заттары бар сарқынды су ағып кеткен.Сол күні кешкі сағат 23:00-де биологиялық тазарту құрылыстарының жұмыс тәртібі қалпына келтірілді.

Сонымен қатар нормативті-тазартылған сарқынды су арнасында биошламның булану өрістеріне одан әрі өтуіне жол бермейтін бөгеттер орнатылды. Қазіргі уақытта арнадағы биошлам вакуумдық машиналармен сорылып, зауытқа кері әкелінуде.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу