KMGI жетістіктері туралы есеп берді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3769

KazMunayGas International 10 айдың қорытындысы бойынша 101 млн доллар таза пайда тапты.  

KMGI жетістіктері туралы есеп берді

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-тың еншілес компаниясы – KazMunayGas International осы жылы жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Осы жылдың 10 айында компания бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткен, яғни EBITDA (салық және өтемпұл, пайызды есептегенге дейінгі пайда) 217 млн долларды құрап отыр. Ал  2016 жылы бұл көрсеткіш 204 млн доллар болған.

"Осы жылдың 10 айында компания үлкен жетістікке қол жеткізді, яғни EBITDA осы жылдың 10 айында 217 млн долларды құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2016 жылы EBITDA 204 млн доллар болған. Яғни биыл он ай ішінде осы көрсеткіштен асып түстік, жыл соңына дейін  240 млн доллар мөлшерінде EBITDA аламыз деп ойлаймыз. Бұл компанияны стратегиялық қазақ инвесторы қолына алғаннан бергі алғаш рет қол жеткізген жетістік", – деді  KazMunayGas International вице-президенті Алмас Лепесбаев abctv.kz-ке.

Сондай-ақ он айдың қорытындысы бойынша KMGI-ның таза пайдасы рекордтық –101 млн долларға жеткен.    

"Осы жылдың 10 айындағы таза пайда мөлшері 101 млн доллар болды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, компания былтыр алғаш рет таза пайда көрсеткішіне шықты. Яғни компания былтыр алғаш рет шығынсыз шектен асқан, ал биыл 10 айдың ішінде былтырғы жылдың көрсеткішінен жеті есе асып түсті", – деді  Алмас Лепесбаев.

Қазан айында Petromidia МӨЗ-і тәулігіне шамамен 18 мың тонна мұнай өңдеген, бұл зауыттың 41 жылдық тарихында болған ең үлкен көрсеткіш. 10 ай ішінде зауыт 4 млн 540 мың тонна мұнайды өңдеген. Қазан айында  "Vega Плоешть" МӨЗ-і және мұнай-химия бөлімшесі бірлесіп 60 мың тонна шикізат өңдеген, бұл да тарихи рекорд болып саналады.

KMGI-ның трейдингтік еншілес құрылымы–  KMG Trading қазан айында 2,2 млн тонна мұнай мен шикізатты тасымалдап сатқан. Бұл компания тарихиындағы ең зор деңгей болып саналады.

Мұндай жетістіктерге қол жеткізудің басты себебін анықтау үшін өткенге көз жүгіртіп көрелік.  KazMunayGas International компаниясының бас қаржы директоры Мариана Дурлештяну 2012 жылы компаниялар бес жылдық бюджетті жоспарлауға көшкенін атап өтті.

"Өз шығындарымызды азайтып, өте қатаң бюджеттік бақылауды іске қостық", – деді ол журналистерге.

Бұнымен қатар KMGI-ның ірі активі – Petromidia МӨЗ-і жаңғыртудан өткен. 2014 жылы зауыт жобалық қуатын жылына бес миллион тоннаға дейін арттырған, соның ішінде 4,6 млн тонна мұнай бар. Зауытты жаңғырту кезінде еуропалық нарықта отынды қолданудың "бір литр бензин – үш литр дизель отын" арақатынасы орнаған. Petromidia "бір литр бензин – екі литр дизель отын" формуласы бойынша жаңғыртылған және уақыт көрсетіп отырғандай, еңбек еш кетпеді. Өйткені қазіргі уақытта еуропалық нарықтың дизель отынын пайдалану үлесі азайып барады, сондықтан аталмыш тренд одан әрі жалғасатын сияқты.

"Егер қазір байыптап қарайтын болсаңыз, бензинмен жүретін автокөліктерді шығару азайды. Сондықтан біз қазір ұтып отырмыз. Өйткені біз "бір тонна бензин және екі тонна дизель" деген формуланы ұстандық. Енді автокөлік өндірісі трендінен қалыспау үшін бензин бөлігін қалай арттыруға болатынын қарастырып жатырмыз", – деп атап кетті  KazMunayGaz International компаниясының өндіріс және өндірістік сервиске жауапты маманы Садуохас Мералиев.

Табысты көбейтудегі басты нәрсе –KMGI-ның Румыния  мен таяу шетелдегі өз желілерінің ритейлінде жұмысы болып отыр. Өздерінің жанар-жағармай станцияларында сату маржиналдылықты көтеруге негіз болады.

"Ең тиімді арна жайын сөз еткенде, зауыт Румынияда және таяу шетел нарығында өнім сатқан кезде  бір тоннадан 25 доллар пайда табады. Ал зауыт басқа нарықтарға экспорттай бастағанда, яғни тек спот келісімдер жасағанда, зауытта тек бес доллар (бір тонна үшін- автор еск.) ғана қалады", – деді Мариана Дурлештяну.

Қарыз көлемін және ол бойынша сыйақы мөлшерлемені айтарлықтай түсіру де маңызды жайттардың бірі болып табылады. Тап қазіргі уақытта KMGI Raiffeisen Bank, UniCredit, ING Bank және Bank PCA сияқты төрт еуропалық банк сендикатымен жұмыс істейді. Бүгінгі күні компанияның қарызы шамамен 480 млн доллар. Сонымен қатар KMGI қарызды компания үшін тиімді пайда әкелетін LIBOR+2,75% шарт бойынша қайта қаржыландырды.

"Жалпы шамамен 3,5% шығады. Бұл өте жақсы деңгей. 2012 жылдан бастап мұның алдындағы желілерді қайта қаржыландыру үшін үлкен байқау жасадық, өйткені олардың барлығы тек жылдық және қымбат желілер болатын. Олардың қымбат болуы – нәтижелердің қымбат  болғандығында. Егер компанияның өтімділігі төмен болса, несиелердің қымбат болатыны түсінікті. Банк өкілдерімен кездесу өткіздім, олардың барлығы біздің қоржынымызда қалғылары келеді", – деді Мариана Дурлештяну.

Сонымен қатар  Petromidia-ны жаңғыртқаннан  кейін жоғары күкіртті мұнай сұрпын өңдеу мүмкін болды, бұл мұнай өңдеудің маржиналдылығын арттырды. Егер бірнеше жыл бұрын зауыттың "құлқын" құрылымындағы  қазақстандық Urals 90%-дан кем болмасе, биылғы жылы оның үлесі 55%-дан аспайды. Ал ирактық Күрдістанның 2,5% ғана күкірт бар "Киркук" сияқты мұнай сұрыптары нарықта Urals-қа дисконтпен саудаланады, бұл  Urals және Азери мұнай сұрпымен салыстырғанда Киркук сұрыптарын өңдеуден қосымша ақша табуға мүмкіндік береді. Мақсат – зауыттың жалпы "құлқынында" қазақстандық  Urals үлесін шамамен 50 пайызға жеткізу.

"Біз нарықтан қосымша әртүрлі мұнай сұрыптарын сатып алдық. Бүгінгі күні зауыттың операциялық қуаты мен икемділігі мұнайдың әртүрлі сұрпын өңдеуге мүмкіндік береді. Яғни жоғары күкіртті, ауыр мұнай, сондай-ақ жеңіл сұрпын өңдей алады. Сондықтан маржиналдылық тұрғысынан ең көп тиімділікке қол жеткізу үшін "Киркук", оған қосымша сібірлік және "Азери" сияқты жеңіл сұрыпты мұнай сатып алынды. Мұның барлығы биылғы жылы таза мұнай өнімін шығарудың ең жоғары құрылымына – 86%-ға  қол жеткізуге мүмкіндік берді. Оның ішінде 50%-ы – дизель. Бұл біз сатып алатын шикізаттың өзіндікқұнын төмендетуге мүмкіндік берді", – деді Алмас Лепесбаев.

Румынияда  KMG International ең ірі және қара теңіз аймағындағы ең заманауи МӨЗ – жылдық қуаты бес миллион тонна Petromidia Navodari компаниясына, Vega Ploieshti МӨЗ-ге және  полимер өндіретін жалғыз компанияға иелік етеді. KMG International тобының Rompetrol брендімен Румыния, Молдова, Грузия, Болгарияда орналасқан ЖЖС желілерінің саны 1000-нан асады, сондай-ақ Франция мен Испанияда қытайлық CEFC China Energy Limited Company-мен  Dyneff SAS тәуелсіз мұнай-газ компаниясының бірлесуімен жұмыс істейтін ЖЖС желілері бар.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу