Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналады

365

Ерекше көл "Бұйратау" ұлттық паркінің құрамына енетін болды.  

Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналады Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Бұл туралы Ақмола облысының әкімдігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Мемлекет басшысының Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру туралы тапсырмасын орындау аясында Ақмола облысында су айдынын "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көлге іргелес аумақта қоршаулар мен ақпараттық тақталар орнатылды. Алдағы уақытта көл аумағында қонақтар үшін арнайы автотұрақ пен шолу алаңдары пайда болады. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірмей оны тамашалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, көлге қатысты бірқатар шектеу қойылып отыр: автокөлікпен кіруге, жағалау аумағына баруға, шомылуға, тұз бен емдік балшық жинауға толықтай тыйым салынады. Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетіп жатыр.

Бұл шаралар соңғы жылдары айтарлықтай антропогендік зардап шеккен көлді сақтауға бағытталған. Ақмола облысының әкімдігі азаматтарды бірегей экожүйені болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі өзінің ерекше қызғылт реңімен танымал. Осындай бірегей табиғи ерекшелік мыңдаған туристің қызығушылығын тудырып, көлге келетін адам саны жыл сайын артып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу