Қоғам белсенділері алдырған оттекті концентратор аппараттары елге жетті

Медициналық жабдықтарды Нұр-Сұлтан әуежайында сенатор Дана Нұржігіт бастаған еріктілер күтіп алды. 

Қоғам белсенділері алдырған оттекті концентратор аппараттары елге жетті

"Айдың нұры", "Дәулеттен", Эльмира Ешниязова қорының мұрындық болуымен Түркиядан сатып алынған оттекті концентратор аппараттарының алғашқы партиясы Нұр-Сұлтан әуежайына жеткізілді.

Салмағы 2 тоннаны құрайтын 125 аппараттың құжаты таңертең рәсімделіп, көлікке тиелген. Жабдықтар ары қарай аймақтарға жіберілмек. 

Бұл іске ұйытқы болған белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева басында 125 аппарат сатып алынатыны туралы хабарлаған еді. Кейін қазақстандық қорлар бірігіп, халықтан жиналған қаражат 1000 аппарат алуға жеткен.  "Ақша жинау тоқтатылды. Біз толық 1000 аппаратқа қаржы жинап болдық. Енді ақша қабылданбайды", – деп жазған еді айтыскер ақын Инстаграм желісіндегі парақшасында.  

Сонымен қатар желіде аппараттар өңірлерге таратылмай қоймада тұр деген ақпарат тарады. Бұл деректерді Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі жоққа шығарды.  

"Әлеуметтік желілерде "Түркиядан жеткен 125 тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында жатыр" деген видеоматериал жарық көрді. Анығында, ағымдағы жылдың 14 шілдесінде сағат 02:30-да Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына Түркиядан гуманитарлық жүк келді. Ұшақтан жүкті түсіру ағымдағы жылдың 14 шілдесінде сағат 4:00-де аяқталды. Кейін аталған жүк әуежай қоймасына орналастырылды. Сағат 10:00-де тауар алушылардың өкілдері келгеннен кейін жеңілдетілген тәртіпте кедендік рәсімдеу жүргізілді және дәл сол күні сағат 10:10-да барлық кедендік рәсімдер аяқталды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.  

Деректі Айнұр Тұрсынбаева да растады. Оған айтыскер ақынның желіде қалдырған соңғы жазбасы дәлел.  "Қоймаға тығып тастапты, бермей жатыр, биліктегілер тартып алыпты" деген жалған ақпарат таратпаңыздар, өтініш... Онсыз да толқып тұрған халықтың миын ашытпайық. Аллаға шүкір, аппараттарды алдық. Әуежайда қор жетекшілері әрбір аппаратты тексеріп алды. Бұйырса қалаларға таратыла бастайды. Қаншама адамды ажалдан арашалап қалуға әлі де болса үлгереміз деп сенеміз". 


Ал бұған дейін белсенділер жабдықтарды Қазақстанға алып келу жағынан кедергілер барын айтып, биліктен көмек сұраған. Мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуымен шешілді. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Мәдениет министрлігі тікелей көмек көрсеткен.

Айта кетейік, қазір халыққа қажетті оттекті концентратор аппараттарын шетелден алдыру үшін ақын Айнұр Тұрсынбаева, блогер Дәулет Мұқаев, Эльмира Ешниязованың қорынан бөлек дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, "Шұғыла" қоры да айналысуда. Бұл іске белгілі журналистер Жанат Бақыт, Динара Сәтжан да көмек көрсетуде.  

Қайрат Жолдыбайұлы желідегі парақшасында бұл мақсатқа халықтан 104 276 000 теңге жиналғанын жазды. Ал "Шұғыла" қорына жиналған қаражат 240 000 000 теңгеге жеткен. Бұл қаражат 2300 оттегі концентраторын сатып алуға мүмкіндік береді.   

Қайрат Жолдыбайұлы мен қоғамдық қор қазіргі кезде аппаратты жеткізу үшін министрліктің арнайы борт бөлуін күтуде.  

Еске салайық, ҚР Денсаулық Сақтау министрі Алексей Цой 13 шілде күні Үкімет отырысында коронавирусқа шалдыққан науқастар үшін 4 093 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алу қажет екенін тілге тиек еткен.


 Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 
 
Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу