Қоғамда екпеге күмәнмен қарайтындар көп

1627

Биылғы жылы қызылша ауруы өршіп, қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында кеңінен тарады. Сырқаттанғандар саны 19 мыңға жетіп, екі сәби қайтыс болды.

Қоғамда екпеге күмәнмен қарайтындар көп Фото: canva.com

Қазір эпидахуал түзелгенімен, Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай әлі де болса күрделі. Қызылша ауруының кең таралуына не себеп болғанын, қазіргі эпидемияологиялық жағдайға қатысты inbusiness.kz тілшісі дәрігер Шолпан Дайрабаевамен тілдесті. 

Қазақстанда қызылша ауруын жұқтырғандар алғаш наурыз айында тіркеле бастады. Еліміздің жеті өңірінде 20 жағдай зертханалық расталды. Сол кезде қызылша Қазақстанға Египеттен, Түркиядан және Ресейден әкелінгені айтылды.

Алайда, жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі жедел вирустық аурудың бүкіл ел бойынша таралуын дер кезінде тоқтата алмады. Шілдеде қызылша ауруының екі мың жағдайы тіркелгені туралы хабарланды. Қараша айының басында – 13 мың науқас туралы белгілі болды. Ал 1 желтоқсандағы брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ажар Ғиният айтқандай, олардың саны 19 мыңға жуықтады.

Дәрігер Шолпан Дайрабаеваның айтуынша, аурудың бұлайша өршуіне бірінші кезекте дер кезінде екпе алмау себеп болған. Әсіреcе, COVID-19 кезінде үш жыл қатарынан екпе алу үрдісі үзілген, оған қоса түрлі жалған ақпараттар да жаппай вакцинацияға кедергі келтіріп жатқан көрінеді.

"Қызылшаның негізгі өршу себептері – күнтізбе бойынша белгіленген уақытта екпе алмау. Оған әлеуметтік желілерде кең тараған антивакциналық жалған ақпараттарды таратушылардың көбеюі, ата-аналардың жеке діни наным-сенімдері себепкер болып отыр. Қызылша, негізінен, екпеге игерілетін жұқпалы ауру, яғни вакцина алған бала 96%-ға қорғалады. Сонымен қатар екпе салу мерзімінің өзгеруінің де келеңсіз жағдайға өзіндік әсері бар. Ата-аналар арасында тұрғылықты мекен-жай бойынша емханаға уақытылы бармай, екпе салу уақытын жіберіп алғандар көп", – деп түсіндірді дәрігер.

Маман эпидахуалдың нашарлауының тағы бір себебі ретінде коронавирус инфекциясының үш жылға созылған пандемиясын айтуға болады дейді.

"Соңғы үш жыл ішінде коронавирус індеті кезіндегі локдаун салдарынан ата-аналар жоспарлы түрде емханаға келе алмады, яғни  қаншама бала екпесіз қалды деген сөз. Оған қоса пандемия – жалған ақпарат індетіне айналды, оның залалын әлі күнге дейін шегіп келеміз. Антиваксерлер үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып келеді, сондықтан қоғамда екпеге күмәнмен қарайтындар көп", – деді Шолпан Дайрабаева.

Ал ауруға шалдыққан бір баланың өзі қасындаға 8-10 балаға қызылша жұқтыра алады, деп еске салады дәрігер. Жұқпалы аурудың дәл қыркүйек-желтоқсан айларында өршуі де соның дәлелі. Балабақша, мектеп есігі ашылған уақытта екпе алмаған не иммундық жүйесі әлсіз бала, әрине, бірден ауруға шалдығады. Дегенмен, маманның айтуынша, кейінгі кездері эпидемиялық жағдай біршама жақсарды. 

"Кейінгі кездері эпидемиялық жағдай оңалып келеді, оның бірден-бір себебі 1 қарашадан бастап қосымша жаппай вакцинация жүргізіле бастады. Қызылша ауруы тек екпе алмаған, уақытылы дәрігерге көрінбеген балалар арасында ғана тіркеліп жатыр", – деді маман. 

Сөз соңында дәрігер маман әрбір екпе медициналық сараптамадан өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдейтінін еске салып, балалардың денсаулығына кері әсер етпейтінін айтып өтті. Әрбір екпенің алдында міндетті түрде дәрігердің толық тексеруінен өту керектігін де еске салды. Екпе тұрғылықты мекен-жай бойынша кез-келген емханада тегін жасалады.

Қазақстанда эпидахуал оңалып жатқанынан қарамастан, өңірлер бойынша жағдай әлі де күрделі екенін еске саламыз. СҚО-да қызылшамен ауырғандар саны күрт өсті,
бір жарым ай ішінде өңірде 171 жағдай анықталды. Қызылша ауруы Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарында анықталды. Осыдан бірер күн бұрын БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды қолайсыз деп бағалады. 12 ақпанда қызылша диагнозымен 255 жағдай тіркелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу